RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

ӨЗБЕКСТАНМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫ НЫҒАЙТУ БАҒЫТЫНДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БИЗНЕС-ФОРУМ ӨТТІ

Түркістан облысы мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды одан әрі дамыту мақсатында Ташкент облысында «Шекарасыз ынтымақтастық» халықаралық бизнес-форумы өтті. Екі елдің мемлекеттік органдары, кәсіпкерлері мен инвесторларының басын қосқан маңызды іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған делегация қатысып, өңіраралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар маңызды кездесулер өткізді.

Форум жұмысына Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев та қатысып, ауыл шаруашылығы, өндіріс және инвестиция салаларындағы өзара тиімді әріптестікті дамыту мәселелерін талқылады. Екі күнге созылған халықаралық форумның алғашқы күні тараптар инвестиция тарту, өнеркәсіптік кооперацияны дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу салаларындағы ынтымақтастықты нығайту бойынша келіссөздер жүргізді.

Іс-шара барысында екі елдің бизнес өкілдері мен инвесторлары өзара әріптестік мүмкіндіктерін қарастырып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Форум аясында жалпы құны 19,3 миллион АҚШ долларын құрайтын меморандумдарға қол қойылып, нақты инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша келісімдер жасалды. Бұл келісімдер өңірлер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Форум барысында ерекше назар аударылған жобалардың бірі – «Қазкрахмал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен Өзбекстанның «Right to Win» компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум болды. Құны 5 миллион АҚШ долларын құрайтын келісім аясында қазақстандық кәсіпорын жүгеріні терең өңдеу арқылы өндірілетін крахмал және сірне өнімдерін Өзбекстан нарығына жеткізуге уағдаласты. Бұл келісім ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласындағы экспорттық әлеуетті арттырып, қазақстандық өнімдердің сыртқы нарықтағы үлесін кеңейтуге ықпал етеді.

Мұндай әріптестік жобалары екі ел арасындағы сауда айналымын ұлғайтуға, өңдеу өнеркәсібін дамытуға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің қосылған құнын арттыруға бағытталған. Сонымен қатар бұл бастамалар заманауи өндіріс технологияларын енгізуге және халықаралық нарық талаптарына сай өнім өндіруге жол ашады.

Іссапардың екінші күні Түркістан облысының делегациясы Ташкент облысының Зангиата ауданының әкімі Эркин Рустамовпен және Орта Шыршық ауданының әкімі Ихтияр Қосимовпен бірге өңірдегі бірқатар өндірістік кәсіпорындар мен өндірістік алаңдарды аралады. Кездесу барысында өндіріс орындарының қызметімен танысып, кәсіпорындарда қолданылып жатқан заманауи технологиялар мен инновациялық шешімдердің тиімділігі зерделенді.

Делегация мүшелері өндірістік үдерістерді автоматтандыру, өнім сапасын арттыру, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және өндірістік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы тәжірибелермен танысты. Сондай-ақ өндірістік кәсіпорындардың экспорттық мүмкіндіктері мен халықаралық серіктестік байланыстары туралы ақпараттар беріліп, болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Форум мен жұмыс сапары барысында көтерілген бастамалар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне жол ашатыны атап өтілді. Тараптар алдағы уақытта қосымша кездесулер ұйымдастырып, инвестициялық және өндірістік жобаларды нақты іске асыру тетіктерін жан-жақты талқылауға келісті.

«Шекарасыз ынтымақтастық» халықаралық бизнес-форумы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды. Мұнда қол жеткізілген келісімдер мен бастамалар екі өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және инвестиция салаларындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай кездесулер өңіраралық байланыстарды күшейтіп, жаңа инвестициялық жобалардың жүзеге асуына және кәсіпкерлік бастамалардың дамуына тың серпін бермек.

Ұқсас жаңалықтар

Саяжай бақшасына қарасора өсірген

Түркістан облысында инфрақұрылымдық даму, экологиялық қауіпсіздік және заңсыз құрылысқа қарсы күрес шаралары күшейтілуде

redaktor_rastimes

Түркістанның қаржылық қарқыны: облыс бюджеті межеден асыра орындалды

redaktor_rastimes

Пікір жазу