Көктем — дала еңбеккерлері үшін ең жауапты әрі қарбалас кезең. Жердің тынысы кеңейіп, тіршілік қайта түлеген шақта аграрлық сала мамандары уақытпен санаспай еңбек етеді. Биыл да Түркістан облысында көктемгі дала жұмыстары жоғары қарқынмен жүргізіліп, ауыл шаруашылығы саласында ауқымды жоспарлар кезең-кезеңімен жүзеге асуда.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес өңірдегі көктемгі егіс науқаны жүйелі ұйымдастырылып, шаруаларға қажетті қолдау шаралары дер кезінде көрсетілуде. Нәтижесінде дала жұмыстары белгіленген жоспарға сай орындалып, аграрлық сектордағы даму көрсеткіштері тұрақты өсіп келеді.
Биыл Түркістан облысында жалпы көлемі 536 мың гектар жерге жаздық дақылдар егу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 165 мың гектары игеріліп үлгерді. Бұл — өңір диқандарының ұйымшылдығы мен еңбекқорлығының нақты көрінісі.
Егіс алқаптарында қызу жұмыс жүріп жатыр. Атап айтқанда, дәнді дақылдар 55 мың гектарға егілсе, майлы дақылдар 29 мың гектар алқапқа орналастырылған. Сонымен қатар 40 мың гектарға жоңышқа себіліп, 15 мың гектар жерге көкөніс дақылдары егілген. Бұдан бөлек, 6 мың гектарға картоп, 19 мың гектарға бақша дақылдары отырғызылып, жер-ананың берекесін арттыру жолындағы еңбек жалғасуда.
Өңірдегі аграрлық жұмыстардың қарқыны әсіресе Мақтаарал мен Жетісай аудандарында айқын байқалады. Аталған аудандар ерте пісетін өнімдерді нарыққа шығарып, алғашқы нәтижелерге қол жеткізуде. Бүгінде шаруалар 300 тонна қырыққабат өнімін жинап үлгерген. Ерте піскен өнімдер нарыққа шығарылып, халықты жаңа піскен көкөніспен қамтамасыз етуде. Қазіргі таңда қырыққабаттың бір келісі 100–130 теңге аралығында саудалануда.
Дала жұмыстарының сапалы әрі уақытылы жүргізілуі техника қуатына тікелей байланысты. Осы бағытта Түркістан облысында ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту ісі де қарқынды жалғасуда. Бүгінде көктемгі науқанға 37,4 мың ауыл шаруашылығы техникасы толық жұмылдырылған. Бұл техникалар егіс алқаптарындағы жұмыстардың тоқтаусыз әрі тиімді жүруіне мүмкіндік беруде.
Әсіресе, «ҚазАгроҚаржы» бағдарламалары арқылы техникалық жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Биыл өңір шаруалары 223 жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Заманауи техникалардың қатарға қосылуы еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, уақыт үнемдеуге және агротехникалық талаптарды сапалы орындауға жол ашуда.
Егіннің бітік шығуы тыңайтқышпен де тығыз байланысты. Осыған орай облыс бойынша 25 мың тонна минералдық тыңайтқыш енгізіліп, отандық өндірушілермен тұрақты жеткізу келісімдері жасалған. Бұл — топырақ құнарын сақтап, өнім көлемін арттыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі.
Сонымен қатар шаруаларды жанар-жағармаймен қамтамасыз ету мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті жеңілдетілген жанар-жағармай көлемі 15 мың тонна болып бекітілсе, оның бүгінгі күнге дейін 6 мың тоннасы шаруаларға жеткізілген. Бағасы литріне 280–281 теңге көлемінде белгіленген дизель отыны шаруалар үшін үлкен қолдау болып отыр.
Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары да аграрлық саланың дамуына тың серпін беруде. Атап айтқанда, «Кең Дала» бағдарламасы аясында 1 196 жоба қаржыландырылып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне нақты көмек көрсетілуде. Бұл — ауыл еңбеккерлерінің еңсесін тіктеп, жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отырған маңызды бастамалардың бірі.
Бүгінде Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласы өңір экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып келеді. Жердің қадірін білген диқандар мен шаруалардың тынымсыз еңбегі елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына да серпін беруде.
Түркістанның кең даласында қайнаған еңбек — берекенің бастауы. Әр гектар жерге себілген дән, әр техникамен жыртылған алқап, әр маңдай тер — ел ырысының кепілі. Биылғы көктемгі науқан да молшылық пен табыстың жаршысы болмақ.

