Алматыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысы өтті.

Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде әлем технологиялық трансформацияның мүлдем жаңа кезеңіне қадам басқанына назар аударды. Президенттің айтуынша, қазіргі өзгерістер XIX-XX ғасырлардағы индустриялық революциямен салыстыруға келмейді. Өйткені оның жылдамдығы мен ауқымдылығы соншалық, физикалық болмыс пен цифрлық кеңістік арасындағы шекара жойылып барады.

Президент әлемдік деңгейдегі жетекші зертханалардың соңғы деректеріне сүйене отырып, дамыған және дамушы экономикалар арасындағы алшақтық тез ұлғайып келе жатқанын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы цифрландыру заман талабы екенін айтты. Бұл ретте Президент Біріккен Араб Әмірліктері қолма-қол төлемсіз экономикаға көшуді жоспарлап отырғанын мысалға келтірді. Қытайдан да үлгі алуға болады. Көршілес ел жыл сайынғы триллион доллар транзакцияларды цифрлық платформада өңдеу ісін жолға қойды.
Президент сенімді инфрақұрылымды цифрлық экономиканың тағы бір берік тұғыры ретінде атады. Бұл – технологиялық дербестіктің алғышарты. Оның маңызы энергетика немесе логистика саласынан кем түспейді.

Жиында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Sinovation Ventures және 01.ai бас директоры Ли Кай Фу, Cambrian Futures бас директоры Олаф Дж. Грот, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Абу Дабидегі Халифа ғылым және технология университетінің профессоры Меруан Дебба, Тьюринг сыйлығының лауреаты Джон Хопкрофт, БҰҰ-ның «Игілікке арналған ЖИ» бастамасы атқарушы кеңесінің төрағасы Әл Мазруи Эбтесам және Oxford Insights бас директоры Ричард Стирлинг сөз сөйледі.
Дереккөз: akorda.kz
