RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
БілімЖаңалықтарМәдениетҚоғам

Алматылықтар Наурыз мейрамының құрметіне ерекше рекорд орнатты

Бүгін «Almaty Arena» мұз сарайында Алматы қаласы Білім басқармасы ұйымдастырған ауқымды жоба ұлттық рекорд орнатып, ел тарихына алтын әріппен жазылды.

Бастаманың мақсаты – Наурыз мейрамы қарсаңында қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлаумен қатар, шаһардағы жас музыканттарды ортақ шығармашылық арнаға тоғыстыру. Флешмобтың негізгі міндеті – домбыраның қоңыр үні арқылы ұлттық мұраны дәріптеу, өскелең ұрпақтың рухын көтеру және қазақ мәдениетінің көркемдігін кеңінен таныту.

Жобаға дайындық бірнеше ай бұрын басталды. Арнайы музыкалық попурри жасау барысында дәстүрді әуендер мен заманауи ырғақтар ұштастырылды. Бағдарламаға Төлеген Мұхамеджанов пен Алтынбек Қоразбаевтың әндері, Нұрғиса Тілендиевтің күйлері және Құрманғазының әйгілі «Балбырауын» күйі жаңа өңдеуде енгізілді. Сонымен қатар, қойылымға заманауи технология арқылы жасанды интеллект негізінде авторлық бейнемазмұн әзірленді.

Дайындық жұмыстары қала бойынша кең ауқымда өтті. 200-ден астам мектеп пен қосымша білім беру ұйымдарында домбыра ансамбльдері құрылып, жобаға негізінен 7–10 сынып оқушылары қатысты. Бірнеше апта бойы мыңға жуық педагог 11 500 жас домбырашыны тарихи сахнаға дайындады.

Флешмоб барысында оқушылар бір оркестрге бірігіп, арнайы дайындалған музыкалық туындыны бір мезетте орындады. Мыңдаған домбыраның үні бір арнада үндесіп, жас ұрпақтың бірлігі мен өнерге деген құрметін айқын көрсетті. Ауқымы, жас таланттардың шеберлігі және ұлттық мәдениетке деген құрмет үйлескен бұл көрініс көрермендер мен қонақтарға ерекше әсер қалдырды.
Іс-шараның шарықтау сәті — рекордтың ресми тіркелуі болды. Алматы қаласы Білім басқармасының бастамасын Қазақстан рекордтар кітабы қолдады. Ұйымның бас редакторы Қуаныш Әмірқұлұлы Тазабековтің атына алдын ала ресми хат жолданып, барлық талаптың сақталуын қамтамасыз ету үшін сарапшылар іс-шараға арнайы қатысты.

Қазақстан рекордтар кітабының өкілдері қатысушылар санын есептеп, орындаудың үйлесімділігі мен ұзақтығын (4 минут 38 секунд), сондай-ақ бағдарламаның бірегейлігін мұқият бағалады. Бұған дейінгі рекордтардан ерекшелігі, алматылық оқушылар бір ғана күй емес, классикалық және заманауи шығармалардан құралған күрделі попурриді орындады.

Флешмоб соңында ұйымның бас редакторы Қ.Ә. Тазабеков «Жаппай жетістіктер» санаты бойынша жаңа ұлттық рекордтың орнатылғанын ресми түрде жариялап, Алматы қаласы әкімдігінің Білім басқармасына арнайы сертификатты салтанатты түрде табыстады.

Бұл жетістік былтыр Талдықорғанда тіркелген (5 000 қатысушы) көрсеткіштен асып түсіп, Алматының ұлттық дәстүрлерді сақтауда көшбасшылық ұстанымын тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұған дейінгі рекордтар Атырауда (2010 ж. – 1 073 адам), Оралда (2010 ж. – 1 700 адам) және Астанада (2024 ж. – 3 200 адам) тіркелген болатын. Алматының жаңа көрсеткіші әлемдік Гиннес рекордына (2010 ж. Қытайда – 10 450 домбырашы) жақындап, ұлттық мәдениеттің әлеуетін паш етті.

«Домбыра үні» флешмобы ауқымды мәдени шара ғана емес, ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі, ұлттық құндылықтардың өміршеңдігін дәлелдейтін тағылымды бастама. Бұл игі іс жас буын төл мәдениетті сақтап, жалғастыра алатынын көрсетті. Іс-шара соңында қатысушылар ерекше әсер алып, ел тарихына қосқан үлесі үшін мақтаныш сезімін арқалап тарқасты.

Дереккөз: Алматы қаласының әкімдігі

Ұқсас жаңалықтар

Президент «Жаңа адамдар» жастар форумына қатысты

redaktor_rastimes

Қазақстан мен Қырғызстан премьер-министрлері сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту шараларын талқылады

redaktor_rastimes

Шымкентте қылмыстық топтар ұсталды

Пікір жазу