Түркістан облысының әкімдігінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының жобасын талқылауға және түсіндіруге арналған мәжіліс өтті. Маңызды жиынға аудан әкімдері, басқармалар мен аумақтық органдардың басшылары, қоғамдық ұйымдар мен партиялар, жастар өкілдері қатысты.
– Жоба кіріспеден, 11 бөлімнен, 95 баптан тұрады. Онда ел өміріне қажетті барлық маңызды тұстар қамтылған. Еліміздің өткенін дәріптейтін, бүгіні мен болашағына бағдар жасайтын жалпыұлттық құндылықтар көрініс тапқан. Жоба бойынша азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына берілетін кепілдіктер күшейтіліп, адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау конституциялық деңгейде бекітіледі. Цифрлық құқықтар мен жеке деректерді қорғау алғаш рет нақты көрсетіліп, әлеуметтік құқықтар мен мемлекеттің жауапкершілігі айқындалады. Бұл өзгерістер Конституцияның басты бағыты – мемлекет адам үшін қызмет етуге тиіс деген ұстанымды көрсетеді. Азаматтардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктері кеңейтіледі. Ата Заңның жаңа жобасы мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртады және әділетті, ашық және құқықтық мемлекет құруға бағытталған, – деді Нұрлан Ербекешов.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев Конституцияның жаңа жобасында Парламенттің рөлін күшейту, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нақты қорғау басты орынға қойылған баяндады. Конституция тармақтарының жаңа редакциясы жан-жақты әрі тиянақты пысықтаулардан өткенін, 145 депутаттан тұратын Құрылтайдың өкілеттіктері бекітілетінін, Қазақстанның Халық Кеңесі құрылатынын жеткізді.

