RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Түркістандық кәсіби медиатор республикалық форумда құрметке ие болды

Қоғамдық келісім мен бірліктің баянды болашағына негіз болатын этномедиация саласында тағы бір айтулы жаңалық – Түркістан облысының кәсіби медиаторы, облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің мүшесі Жұлдыз Өтегенова Ақтау қаласында өткен республикалық деңгейдегі форумда ҚХА Төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілхановтың Алғыс хатына ие болды.

Бұл мәртебелі марапат – ел ішіндегі татулық пен түсіністікті ту еткен, кәсіби медиаторлық қызметті абыроймен атқарып жүрген білікті маманның ерен еңбегінің, ізгілікті жолдағы табанды қызметінің жарқын нәтижесі.


Ақтаудағы Ассамблея жиыны – бірлікке бастар тағылымды форум

Каспийдің көгілдір жағалауындағы Ақтау шаһары бұл күндері рухани жаңғыру мен ұлттар арасындағы татулықтың алтын бесігіне айналды. «ҚХА 30 жыл: Бірлік пен келісім» атты республикалық этномедиаторлар форумы – Қазақстан халқы Ассамблеясының үш онжылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған тағылымды шаралардың біріне айналды.

Шара Ақтау қаласындағы «Достық үйінде» өтті. Форум аясында еліміздің түкпір-түкпірінен келген медиаторлар мен Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктер өкілдері бас қосып, этномедиация институтының бүгінгі қоғамдағы алатын орны мен атқарып жатқан міндеттері жайында пайымды пікірлерін ортаға салды. Өзара тәжірибе алмасып, жаңа бастамаларға жол ашты.

Форумның салтанатты ашылу рәсімінде ҚХА Төрағасының орынбасары – Президент Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов сөз сөйлеп, барша қатысушыларды Ассамблеяның 30 жылдығымен құттықтады. Ол өз сөзінде:

«Форум еліміздегі қоғамдық келісімді нығайтуға атсалысып жүрген кәсіби мамандардың басын қосқан маңызды жиын болып отыр. Осы жылдар ішінде біз патриотизм, бірлік, тәуелсіздік, келісім сынды құндылықтарды дәріптеп келеміз», – деп, еліміздің татулыққа негізделген саяси бағытының маңызын айрықша атап өтті.


Түркістандық делегаттар – тәжірибе мен табыстың жаршысы

Маңғыстау жеріндегі бұл алқалы жиынға Түркістан өңірінен облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов, облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Жұлдыз Өтегенова және кәсіби медиатор Сайера Даванова арнайы қатысты.

Өңір атынан барған делегаттар этномедиация саласындағы жұмыстардың өзекті мәселелерін қозғап, Түркістан облысында жүзеге асып жатқан озық тәжірибелермен бөлісті. Медиацияны тек қана дау-дамай шешудің құралы емес, рухани келісім мен әлеуметтік тұтастықтың тетігі ретінде қарастыру қажеттігіне назар аударды.


Жаңа жобалар – ортақ болашаққа бағытталған бастамалар

Форум барысында бірқатар маңызды жобаларға ресми түрде бастама берілді. Солардың қатарында:

  • «Жеңіс бірлікте» жобасының ашылуы,

  • Маңғыстау облыстық ҚХА этномәдени бірлестіктері жетекшілерімен кездесулер,

  • «Салауатты сана» жобасы аясындағы «Ысырапшылсыз балабақша» байқауының жеңімпаздар көрмесі,

  • Форт-Шевченко қаласындағы Т.Шевченко мұражайының көшпелі экспозициясы – ерекше ықыласпен қабылданды.

Бұл бастамалар – ұлт болашағына бейжай қарамайтын, ел ішіндегі үйлесімділікті сақтауға ұмтылған азаматтардың ортақ еңбегінің жемісі.


Жұлдыз Өтегенова – ел алғысына бөленген тұлға

Форум шеңберінде медиация саласында белсенділік танытып, қоғамдағы келісім мен түсіністікті нығайтуға қосқан үлесі үшін Жұлдыз Өтегеноваға арнайы марапат табысталды. Ол – ҚХА Төрағасының орынбасары қол қойған Алғыс хат.

Бұл марапат тек Жұлдыз Өтегенованың емес, тұтастай Түркістан облысының медиаторлар қауымының еңбегіне берілген әділ баға десе болғандай. Оның есімі енді еліміздің кәсіби медиаторлар ортасында ғана емес, этносаралық татулықтың шынайы жанашыры ретінде де аталып өтеді.

Ұқсас жаңалықтар

«Жастар. Энергия. Болашақ» Қостанайда есірткіге қарсы форум өтті

redaktor_rastimes

Түркістан төрінде күй күмбірлеп, домбыра шежіре шертті: «Домбыра – дастан» рухани іс-шарасы өтті

Ауыл шаруашылығы санағының онлайн кезеңі 20 қыркүйекке дейін ұзартылды

redaktor_rastimes

Пікір жазу