Тарих пен тағылым, өнер мен өнеге тоғысқан күндердің бірі 18 маусым болды. Сол күні Арыс қаласына қарасты Ақдала ауылы бір сәтке руханияттың алтын ордасына айналды. Өйткені дәл осы киелі мекенде жыр әлемінде өзіндік өрнек қалдырған, Қазақ елінің маңдайалды өнер иесі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, әйгілі термеші Қарсыбай Ақтаевты еске алуға арналған облыстық деңгейдегі термешілер байқауы жоғары деңгейде өтті.
Ақдала ауылдық Мәдениет үйі – терме мен жырдың шалқыған шаңырағына айналып, Түркістан облысының түкпір-түкпірінен келген жыр жүйріктері бас қосты. Жыр додасының салтанатты шымылдығы Қарсыбай Ақтаевтың есімі берілген арнайы бөлменің ашылу рәсімімен түрілді. Бұл — өнерге мәңгілік ескерткіш орнатқандай, ұлы термешінің есімін өшпестей етіп ұрпақ жадында қалдыруға бағытталған тағылымды қадам болды.
Салтанатты ашылу рәсіміне Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдісаттар Жүніс, өңірге танымал ақын-жазушылар, Қарсыбай Ақтаевтың шәкірттері, ауылдастары және зиялы қауым өкілдері арнайы келіп қатысты. Олар ұлы өнер иесіне тағзым етіп, оның рухани мұрасының ел тарихындағы маңызына ерекше тоқталды.
Жыр бәйгесіне қатысқан термешілер терең мағыналы, салмақты, ұлттық рух пен тәлім-тәрбиеге тұнған туындыларымен көрерменнің жан-дүниесін тербеді. Байқау екі кезең бойынша өткізіліп, қатысушылардың орындаушылық шеберлігі, мақам байлығы, сөздің салмағы мен тереңдігі жіті бағаланды.
Сайыс қорытындысы төмендегідей:
🏆 Бас жүлде – Әлімбеков Ералы (Арыс қаласы)
🥇 І орын – Саттарова Динара (Түлкібас ауданы)
🥈 ІІ орын – Келдебек Ердәулет (Арыс қаласы)
🥈 ІІ орын – Жайылхан Талғат (Созақ ауданы)
🥉 ІІІ орын – Диханбай Ерсайын (Түркістан қаласы)
🥉 ІІІ орын – Тасқұлов Серік (Шардара ауданы)
🎖️ Әкім жүлдесі – Әкетай Арман (Кентау қаласы)
🏅 Қарсыбай Ақтаев атындағы арнайы жүлде – Мусабекова Анеля (Сарыағаш ауданы)
🎗️ Арнайы жүлделер –
-
Бейсетаев Досжан (Төлеби ауданы)
-
Төретаев Сәкен (Мақтаарал ауданы)
-
Асан Мұхтар (Отырар ауданы)
Барлық жеңімпаздар мен арнайы жүлде иегерлеріне қаржылай сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Бұл – тек бір байқаудың қорытындысы емес, ұлттық өнерге деген құрметтің жарқын көрінісі болды.
Байқау барысында көрермендер шынайы өнерге шөл басып, рухани күш-қуат алды. Кезінде Қарсыбай Ақтаев негізін қалаған Майлықожа атындағы термешілер мектебінен түлеп ұшқан шәкірттер бүгінде елдің руханият кеңістігінде абыройлы орын алып отыр. Бұл – ұстаздың өлмес еңбегі мен терең өнерінің өміршеңдігін дәлелдейтін тұғырлы мысал.
Ақдала төрінде өткен бұл байқау — жыр мен терме арқылы руханияттың көшін ілгері бастыруға арналған, ұлттық мұраны ұлықтап, келер ұрпаққа аманат етудің көркем үлгісі болды. Қарсыбай Ақтаевтың дара жолын дәріптеген бұл тағылымды шара, сөз жоқ, өнерсүйер қауымның жүрегінен мәңгілік орын алды.