RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Мақтаарал төрінде Мәңгілік Тудың асқақтаған күні

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні – ел тарихындағы ерекше тағылымға толы күн. Осы атаулы датаға орай, Мақтаарал ауданындағы Мырзакент кентінің орталық алаңында қастерлі Туымызды салтанатты түрде көтеру рәсімі өтті. Бұл шара – Отанға деген сүйіспеншілік пен мемлекеттік рәміздерге деген құрметтің жарқын көрінісі ғана емес, жас ұрпақтың жүрегіне патриоттық рух пен елдік сананы дарытатын маңызды оқиға болды.

Алаштың айбынын айқындайтын бұл салтанатқа аудан әкімі міндетін атқарушы Нұрбол Саттаров арнайы қатысып, жүрекжарды тілегін арнады. Ол өз сөзінде Ту, Елтаңба, Әнұран – егемен елдің тұғыры мен айбыны екенін, осы рәміздерге деген адалдық – әрбір азаматтың перзенттік парызы екенін атап өтіп, жұртшылықты елдік мұраға құрметпен қарауға шақырды. Ата-баба аманатына адал болу – бүгінгі және келер ұрпақтың қасиетті міндеті екенін жеткізді.

Салтанатты рәсімге ауданның шекара қызметінің өкілдері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, ардагерлер, білім саласының мамандары, жастар ұйымдары мен мектеп оқушылары қатысты. Жиналған жұртшылықтың алдында еліміздің көк байрағы асқақ көтеріліп, жүрек тебірентер Әнұран шырқалды. Бұл сәт – әрбір жанның бойында елдік мақтаныш пен рухты оятқан ерекше көрініске айналды.

Мемлекеттік рәміздерге арналған іс-шара патриоттық рухта өрбіді. Алаң төрінде аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары шын ықыласпен патриоттық әндерді әуелетті. Көк аспан астында қалықтаған ән мен күй – Тәуелсіздіктің асқақ сарынына айналды. Сонымен қатар, мектеп оқушылары мен шығармашылық үйірмелердің дайындаған шағын концерттік бағдарламасы шараның мазмұнын арттыра түсті.

Бұл күн – рәміздерімізге деген ел ықыласының көрінісі ғана емес, ұлттық бірегейлікті нығайтатын, жас ұрпақ бойына елге деген сүйіспеншілік пен рухты сіңіретін тәрбиелік мәні зор сәт. Мемлекеттік рәміздер – бұл ұлттың тағдыры мен болмысын бейнелейтін мәңгілік құндылықтар. Сондықтан осындай тағылымды іс-шаралар арқылы елдік сана нығайып, болашаққа деген сенім беки түседі. Мақтаарал төрінде көк Тудың биікке көтерілуі – Тәуелсіздік рухының мәңгілік екенінің тағы бір дәлелі болды.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АӘК АЛУШЫЛАР САНЫ 2 ЕСЕ АЗАЙДЫ

Қазақстанда мемлекеттік сатып алудың мерзімі бірнеше есе қысқартылды

redaktor_rastimes

Саурандық делегация Түркияда өндірістік әріптестікке жол ашты

Пікір жазу