RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

ҰЛТ РУХЫН ҰЯЛАТҚАН ЕРЕКШЕ КЕЗДЕСУ: БАЛАЛАР ЖҮРЕГІНДЕГІ РӘМІЗДЕРДІҢ САЛТАНАТЫ

Түркістан төрінде тәуелсіздіктің қасиетті нышандарын ұлықтаған тағылымды тағзым тағы да бір мәрте жалғасын тапты. 4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күніне орай, Қазақстан Республикасының Ту, Елтаңба және Әнұран сынды киелі белгілеріне деген құрметтің жарқын көрінісіндей болып, Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты Балалар кітапханасының оқу залында «Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздік символы» атты тағылымды ертеңгілік ұйымдастырылды.

Бұл – жай ғана басқосу емес, бұл – жүректерге ұлттық сана дарытқан, жас буынның бойына отансүйгіштік рухты сіңірген мазмұны терең, тәрбиесі кемел кездесу болды. Шараға жас оқырмандар, мектеп оқушылары, ұстаздар мен кітапхана қызметкерлері қатысты. Әр қатысушының жүзінен елдікке деген мақтаныш сезімі мен рухани шабыттың оты байқалды.

Ертеңгілік шымылдығы Мемлекеттік рәміздердің мән-маңызын танытудан басталды. Балалар көк Туымыздың әр жолақ түсінің, алтын күн мен самғаған қыранның, сондай-ақ Елтаңбадағы шаңырақ пен қос пырақтың қандай мағына беретінін жан-жақты танып білді. Тудың авторы – Шәкен Ниязбеков, Елтаңбаны жасаған – Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлиханов екені айтылып, Әнұран сөзінің авторлары Жұмекен Нәжімеденов пен Нұрсұлтан Назарбаев, әуенін жазған Шәмші Қалдаяқов жайлы мол мағлұмат берілді. Бұл тарихи деректер балалардың бойындағы елге деген сүйіспеншілікті арттыра түсті.

Балғындар жүрекжарды патриоттық өлеңдер оқып, ұлттық әндер шырқап, туған жерге, Туға, Елтаңба мен Әнұранға қатысты өз ой-пікірлерін ортаға салды. Еркін сөйлеу, рухани тереңге бойлау – олардың ұлттық санасының ерте оянғанының дәлелі іспетті. Әнұран шырқалған сәтте Туға қарап тік тұрып, кіші жүректерінің үлкен сүйіспеншілікпен соққаны – ел болашағына деген сенімді үміттің жарқын көрінісі болды.

Бұл шара – кітапхананың дәстүрлі функциясынан асып түсіп, оны шынайы ұлттық тәрбие беретін рухани ортаға айналдырғанын көрсетті. Балалар кітапханасы – кітап арқылы баланың жан дүниесіне жол тауып, оны тек білімге емес, ел мен жерге деген сүйіспеншілікке баулитын киелі орда. Іс-шара аясында арнайы безендірілген көрме де оқырмандардың ерекше қызығушылығын тудырды. Онда мемлекеттік рәміздер туралы тарихи-танымдық әдебиеттер мен патриоттық бағыттағы кітаптар топтастырылып, балалар сол басылымдарды парақтап, білім көкжиегін кеңейтті.

Мемлекеттік рәміздер – бұл жай ғана белгілер емес. Олар – Тәуелсіз елдің таусылмас рухы, сарқылмас намысы, болашаққа бағыт берер шамшырағы. Тудың әр желбіреуінде, Елтаңбаның әр бедерінде, Әнұранның әр жолында – ұлтымыздың болмысы, халқымыздың арман-мұраты мен ерлік шежіресі жатыр. Мұны балалардың өздері де жүрекпен сезіне бастады.

Мемлекеттік рәміздерге құрмет – елге деген құрмет. Ал бұл қасиетті сезімнің бала жүрегіне дән болып егілуі – ел болашағы үшін жасалған ең берік рухани іргетас. Сондықтан да кітапханалар – тек кітап сақтаушы емес, ұлттық рухтың ошағы, Тәуелсіздік идеясының жаршысы.

Ұлт рәміздері – ұрпаққа аманат. Сол аманатты қадірлеп, киесін бала кезден ұғыну – Мәңгілік Ел болуға бет алған халқымыздың ең асыл мұраты.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЕГІС КӨЛЕМІН 906 МЫҢ ГЕКТАРҒА ЖЕТКІЗУ КӨЗДЕЛУДЕ

redaktor_rastimes

ТҮРКІСТАНДЫҚ БОКСШЫЛАР КОРОТКОВ ТУРНИРІНДЕ ТОП ЖАРДЫ

redaktor_rastimes

Үкімет жұмысының негізгі нәтижелері баяндалды

redaktor_rastimes

Пікір жазу