RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

«РӘМІЗДЕР САЯБАҒЫНДА» РУХТЫ ШЫҢДАҒАН МЕРЕКЕ

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Түркістан қаласындағы «Рәміздер алаңы» — ел бірлігі мен рухани тұтастықтың нышанына айналған саябақта салтанатты мерекелік іс-шара өтті. Көк байрағымыз көкке көтеріліп, жер мен көк арасын Әнұран үні тербеген айтулы сәтке елдің елдігін дәріптейтін барша қауым жиналды.

Бұл күн – ел Туын биік ұстап, елтаңбасын жүрекпен түйсінетін, әнұранын шырқап тұрып мақтанышпен көзге жас алатын әр азамат үшін айрықша. Ел рухы мен елдіктің жалауы желбіреген саябақта өткен шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, мәслихат депутаттары, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, танымал спортшылар мен жастар, қала тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты.

1992 жылы бекітілген Мемлекеттік рәміздер бүгінде халқымыздың киелі бойтұмарына айналды. Көк байрағымыз – тәуелсіздік пен бейбітшіліктің нышаны, Елтаңбамыз – елдігіміздің белгісі, ал Әнұран – асқақ рухымыздың үні. Бұл қасиетті нышандарды қадірлеу – Тәуелсіздікті қадірлеудің көрінісі. Рәміздерге құрмет – елге деген шексіз сүйіспеншіліктің айғағы. Әрбір жас ұрпақ бұл ұлы мұраны жүрегімен сезінуі керек. Түркістанда осы бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасады. Саябақтар мен рәміздер алаңдары – халықты рухани тәрбиелеудің тірек орындарына айналуы тиіс, – деді облыс басшысы өз құттықтауында.

Шара барысында «Jana Lep» шығармашылық ұжымы мен мектеп оқушылары Мемлекеттік Әнұранды бірігіп орындап, алаңды рух пен мақтанышқа толтырды. Көк тудың көтерілуі – тек бір сәттік рәсім емес, елдің тарихын, болашағын, бабалардың аманатын көзбен көру сәті іспетті болды. Сонымен қатар, жергілікті өнерпаздар патриоттық әндер айтып, сахнада жалындаған жастар өнерімен көптің ықыласына бөленді.

Бүгінде Түркістан облысында 26 рәміздер алаңы мен ту тұғырлары бар. Биылдың өзінде Мақтаарал мен Сауран аудандарында жаңа рәміздер саябақтарын салу жоспарланып отыр. Бұл – болашақ ұрпаққа бағытталған, ұлт рухын ұлықтауға арналған нақты қадамдардың көрінісі.

Іс-шара барысында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров та рәміздер саябағында жиналған жұртты құттықтап, былай деді:

«Мемлекеттік рәміздер – ұлттың айбыны, елдің рухы. Олар біздің бірлігіміздің белгісі, жүрегіміздегі мақтаныштың көрінісі. Әр баланың, әр жас азаматтың санасында осы нышандардың қадірі жатталуы тиіс. Көк байрағымыз мәңгі желбіреп, Елтаңбамыз ел төрінен түспесін!»

Осы күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы «Атамекен» этномемориалды кешенінде өткен Мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысып, еліміздің рәміздері – Тәуелсіздіктің киелі тұмары, болашаққа жол сілтер бағдаршам екенін ерекше атап өтті.

«Бабаларымыз “Туыңды тік ұста” деп өсиет қалдырған. Бұл – тек сөз емес, рух пен елдікке шақырған үн. Біз осы аманатқа адал болуымыз керек. Байрағы биік елдің болашағы жарқын. Бүгін желбіреген Ту – ертеңгі ұрпаққа табысталар қасиетті мұра», – деді Мемлекет басшысы.

Мемлекеттік рәміздер күні – қазақтың жүрек дүрсілі, ұлт рухының мерекесі. Рәміздер саябағында өткен бұл мерекелік жиын – рухты асқақтатқан, елдіктің маңызын еске салған, жүректі тебіренткен тағылымды сәттердің куәсі болды.

Көк байрағымыз көгімізде мәңгі желбіреп, ел рухы ешқашан төмендемесін!
Рәміздер – ұлттың рухани тұғыры, ал сол рухты биікте ұстау – баршамыздың қасиетті борышымыз.

Ұқсас жаңалықтар

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары жұмыс сапарымен Павлодар облысына келді

Жыл ішінде табиғатты қорғау бағытындағы оң өзгерістер

redaktor_rastimes

ТҮРКІСТАНДА БІРЛІК МЕРЕКЕСІ АТАП ӨТІЛДІ

redaktor_rastimes

Пікір жазу