Түркістан қаласында елдік мүддені ту еткен, татулық пен бірлікті ту еткен маңызды басқосу өтті. Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар мен Аналар кеңесінің ІІ тоқсанға арналған бірлескен отырысы «Достық үйі» ғимаратында ұйымдастырылып, қоғамның рухани жаңғыруы мен жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Кең ауқымды жиынға ел болашағына алаңдаған зиялы қауым өкілдері, түрлі сала мамандары, облыстық мекемелердің басшылары мен кеңес мүшелері қатысты. Отырыстың модераторы ретінде Ақсақалдар кеңесінің төрағасы, ел ағасы, көптің құрметіне ие азамат Созақбай Исаұлы Әбдіқұлов тізгін ұстады. Жиынның басты мақсаты – Қазақстан халқы Ассамблеясының ел бірлігін нығайтуға бағытталған «Адал азамат» және «Салауатты сана» атты ауқымды жобаларын жүзеге асыру барысымен танысу, тәжірибе алмасу және алдағы жұмыстарды бірлесіп үйлестіру жайын пысықтау болды.
Іс-шараға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Сейтжанов Нұрсұлтан Маратұлы, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Жанғазиева Эльмира Ұласбекқызы, білім беру басқармасының, дін істері орталығының өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдары мен Аналар, Ақсақалдар кеңесінің мүшелері қатысты.
Жиын барысында қоғамның ең нәзік, бірақ ең маңызды тұсы — жас ұрпақтың тәрбиесі жайында сөз болды. Түркістан облыстық білім басқармасының тәрбие жұмыстары бөлімінің басшысы Босымбаев Дәурен Әбдікәрімұлы жастар тәрбиесі тек мектеп пен ата-ананың ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті. Ол өз сөзінде: «Ұрпақ тәрбиесі — ұлт болашағын қалыптастырудың негізі. Сондықтан біз ақсақалдар мен аналар кеңестерімен етене жұмыс істеп келеміз және алдағы уақытта да бұл бағыттағы ынтымақтастығымыз жалғаса береді», – деді. Оның сөзі көптің көңілінен шығып, жас буынға қатысты алаңдаушылықтың ортақ екендігін тағы бір мәрте көрсетті.
Аналар кеңесінің белсенді мүшесі, Түркістан қалалық «Оқушылар сарайының» директоры Икапова Индира Сарқытқызы өз сөзінде ұлттық тәрбиенің мәйегі саналатын әдеп-ғұрып сабақтарының оқу-тәрбие жүйесіне енгізілуі — келешек ұрпақтың рухани кемелденуіне, салт-дәстүр мен ұлттық болмысын терең ұғынуына сеп болатынын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, ол жастар арасында жиі кездесетін бес түрлі зиянды әдет – жалқаулық, тәрбиесіздік, немқұрайлылық, рухани әлсіздік және жат қылықтардың алдын алуға бағытталған тиімді тәсілдерді ұсынды. Бұл бастамалар жастардың тұлғалық қалыптасуына оң серпін берері сөзсіз.
Отырыста Төлеби және Сарыағаш аудандық Аналар кеңесінің төрайымдары да сөз алып, «Салауатты сана» жобасының мәні мен мазмұнына кеңінен тоқталды. Аталған жоба аясында жастар мен жасөспірімдер арасында теріс діни ағымдардан, түрлі жат әрекеттерден, әлеуметтік және рухани адасушылықтан сақтандыру бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі сөз болды. Аналар кеңесінің мүшелері бұл жобаның қоғам үшін маңыздылығын алға тартып, ұлттық құндылықтар мен тәрбиелік негіздерді бойына сіңірген, салауатты ойлайтын, еліне адал, рухы биік ұрпақ тәрбиелеудің түрлі жолдарын ортаға салды. Олар отбасындағы тәрбие, ананың рөлі, ұлттық рух пен салт-дәстүрдің ұрпақ тәрбиесіндегі шешуші мәніне кеңінен тоқталып, аталмыш жобалардың кең көлемде жүзеге асуына барынша қолдау білдіретіндерін жеткізді.
Кеңестің әрбір сөзі мен ұсынысы ел тағдырына, халық болашағына деген шынайы жанашырлықтан туындағаны айқын аңғарылды. Осындай кездесулер – тек ой алмасу алаңы емес, ел болашағына бейжай қарамайтын жандардың жүрек үндестігімен табысатын тұсы.
Шын мәнінде, ел дамуының іргетасы — қоғамдағы бейбітшілік пен келісім. Қазақстандағы көпұлтты, көпмәдениетті қоғамда орнаған тұрақтылық – талай жылғы түсіністік пен сенімнің жемісі. Бұл – бағзыдан келе жатқан достық пен сыйластықтың тұғыры берік екенінің айғағы. Ел бірлігі мен татулығы – ең асыл мұрамыз, ең үлкен байлығымыз. Осындай ортақ мақсатқа жұмылған рухани кеңестер — елдік мұрат жолындағы нақты қадамдар мен баянды бастамалардың көрінісі.
Түркістан төрінде өткен бұл басқосу – текті сөздің, терең ойдың, ізгі ниеттің тоғысқан тұсы болды. Ал мұндай татулық пен түсіністікке негізделген жиындар жиі өтіп тұрса, ұлттың рухы асқақтап, келешек кемелденері анық.