RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

ТӨЛЕБИДЕ ӘДІЛЕТ ҮЙІ БОЙ КӨТЕРЕДІ: ЗАМАНАУИ СОТ ҒИМАРАТЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысының Төлеби ауданында заң үстемдігін нығайтып, халыққа қолжетімді әрі әділетті сот жүйесін қалыптастыру жолында маңызды қадам жасалды. Алатау мөлтек ауданында бой көтеретін жаңа сот ғимаратының құрылысына арналған капсула салу рәсімі өтті. Бұл – өңірдегі құқықтық инфрақұрылымды жетілдіру бағытында қолға алынған ауқымды бастамалардың бірі. Шараға Түркістан облыстық сотының төрағасы Айдос Едігеұлы, облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов, сондай-ақ ҚР сот әкімшілігінің Түркістан облысы бойынша басқармасының басшысы Абзал Апбас арнайы қатысып, жаңа нысанның ел игілігіне адал қызмет ететін әділет ордасына айналуына тілектестік білдірді.

Жобаны жүзеге асырушы – «РМ-СнабСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Заманауи сәулет үлгісімен салынатын бұл екі қабатты еңселі ғимараттың жалпы аумағы – 3898 шаршы метрді құрайды. Жобаның құны – 807 миллион теңгеден асады. Құрылыс жұмыстары 2025–2026 жылдарға жоспарланып отыр. Ғимараттың қызметтік ауданы 1103,67 шаршы метрді қамтиды. Бұл кеңістікте сот процесіне қатысушыларға барынша ыңғайлы жағдай жасалады, заманауи технологиялар мен цифрлық жүйелер толық ендіріліп, азаматтарға әділ әрі ашық сот төрелігіне қол жеткізуге мүмкіндік беріледі.

Жаңа сот ғимараты – жай ғана нысан емес, бұл – заң үстемдігі мен құқықтық мәдениеттің көрінісі. Мұнда адам құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы, сот төрелігінің әділетті жүзеге асуы, халықпен тиімді кері байланысты қамтамасыз ету – басты қағидат болады. Жоба аясында сот процестерін толық цифрландыру, заманауи ақпараттық жүйелер арқылы істерді әділ әрі жедел қарау, тұрғындар үшін ашық және қолжетімді қызмет көрсету механизмдері енгізіледі. Бұл – әділетті Қазақстан құру жолындағы нақты әрі маңызды қадамдардың бірі.

Салтанатты рәсімде сөз алған облыстық және аудандық деңгейдегі лауазымды тұлғалар жаңа ғимараттың құрылысы Төлеби ауданындағы құқықтық кеңістіктің сапалы жаңғыруына, азаматтардың құқықтық сенімінің артуына серпін беретініне сенім білдірді. Олар әділет саласында қызмет ететін мамандардың мәртебесін арттырып, халыққа көрсетілетін құқықтық қызметтің сапасын жаңа деңгейге көтеретін бұл нысан ел үшін маңызды екенін атап өтті.

Төлеби төрінде бой көтеретін әділет шаңырағы – тек бір мекеменің кеңсесі емес, бұл – халық сенімінің, заң мен тәртіпке деген құрметтің, өркениетті қоғам құндылықтарының нақты көрінісі. Ертеңгі күннің баянды болуы әділ сот төрелігімен тікелей байланысты екені белгілі. Сол себепті салынатын әрбір сот ғимараты – мемлекет іргесінің беки түсуіне бағытталған маңызды инвестиция. Жаңа ғимараттың құрылысы осындай ұлы мақсаттарға қызмет етеді деген сенім мол.

Ұқсас жаңалықтар

Вице-Премьер Түркістан облысындағы гидротехника құрылыстары мен су қоймаларының жағдайын тексерді

redaktor_rastimes

Түркістан облысы – халықаралық ықпалдастықтың жаңа белесінде

redaktor_rastimes

Түркістандық есешілер ел чемпионатында ерекше көзге түсті

redaktor_rastimes

Пікір жазу