RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Ұлттық рух пен жастық жалын тоғысқан жоба: Созақ төрінде «JasSAQ» этно-реалити өтті

Ұлы дала дәстүрін жаңғыртып, жас ұрпақтың бойына ұлттық рух дарытуды мақсат еткен ерекше форматтағы этно-реалити жоба Түркістан облысында жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қазақы болмыс пен заманауи көзқарасты үндестірген «JasSAQ» республикалық телевизиялық жобасы Созақ ауданындағы көрікті табиғат аясында — «Жұмбақ тау» этно-лагерінде өтті. Бұл тағылымды бастама Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы мен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің тікелей ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Жобада еліміздің түкпір-түкпірінен іріктелген жүзге жуық жалынды жас бас қосып, үш күн бойы ұлттық салт-дәстүрлермен сусындап, командалық рухты, тектілікті, қайсарлықты, ептілік пен шеберлікті танытуға бағытталған түрлі сайыстарда өзара бақ сынады. Этно-реалити аясында ұлттық спорт түрлері мен тұрмыстық машықтардан құралған жеті түрлі бәсекеге қатысқан жастар мергендік, күш, шапшаңдық, зеректік, тапқырлық сынды қасиеттерін ортаға салды. Әрбір сынақ – тарихпен тілдесіп, ата-баба жолын сезінудің бір мүмкіндігіне айналды.

Жобаның финалында ерекше белсенділік танытқан қатысушылар арнайы дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сайыс нәтижесі бойынша «Қырандар» командасы топ жарып, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Оларға екінші орыннан «Көк бөрі» командасы енші алса, үшінші орынды «Nomad» командасы місе тұтты. Ынталандыру сыйлықтары «Яссауи», «Алмас қылыш», «Алаш ұрпақтары» сынды командаларға берілді.

Шараның жабылу рәсімінде Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Ернар Бектаев арнайы сөз сөйлеп, қатысушыларға алғысын білдірді. Ол аталмыш жобаның жастар үшін тек сайыс емес, ұлттың болмысын тануға, тарихи жадыны жандандыруға, достық пен ынтымақты тереңнен сезінуге жол ашатын үлкен рухани мектеп екенін атап өтті.

Жобаның әр күні мазмұнға бай болды. Қатысушылар салт-дәстүр сабақтарында ұлттық құндылықтармен тереңірек танысып, көшпелі қазақтың өмір салтын бойларына сіңірді. Жаңа достар тапты, бір мақсат үшін жұмылып, командалық бірлік пен достыққа негізделген жанды байланыстар орнады.

Кешкілік көңіл көтеру бағдарламасы да жастардың көңілін серпілтті. Сахна төрінде «Ақбұлақ» жайдарман командасы әзіл мен ойын арқылы кештің сәнін келтірді. Сонымен қатар, жергілікті өнерпаздар — бишілер тобы мен «Созақ серілері» ансамблі ұлттық нақыштағы ән-жырмен көрерменнің көңілін толқытты.

Кештің шарықтау сәтінде жастар дәстүрлі түрде алау жағып, бір шеңберге жиналып, бауырмалдықтың, отансүйгіштіктің, рухани тұтастықтың көрінісін танытты. Естелік суреттер мен жүрекке жылы лебіздер — бұл жобадан әрбір қатысушының тек жақсы әсермен қайтқанын аңғартты.

«JasSAQ» — бұл тек сайыс емес, ұлттық жадты жаңғыртып, жас ұрпақтың рухын оятатын шынайы тәжірибе алаңы. Бұл жоба – қазақтың тарихы мен мәдениетін бүгінгі ұрпақтың санасына сіңірудің тың әрі әсерлі жолы. Созақтың қазыналы қойнауында өткен үш күндік этно-реалити — ұмытылмас рухани сапар, ел болашағын қалыптастыратын жастардың өмір жолына жазылған жарқын естелік болып қалары анық.

Ұқсас жаңалықтар

Пайдаланылмаған 2 млн. гектар жер мемлекеттік меншікке қайтарылмақ

redaktor_rastimes

ТҮРКІСТАНДЫҚ БОКСШЫЛАР КОРОТКОВ ТУРНИРІНДЕ ТОП ЖАРДЫ

redaktor_rastimes

Қазақстанда күн суытып, толассыз жауын жауады

admin_rastimes

Пікір жазу