RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Түркістан төріндегі триумф: халықаралық ән фестивалінде Италия үміткері топ жарды

Түркі әлемінің алтын бесігі атанған Түркістанда қазақ әнінің мәртебесін биіктеткен халықаралық өнер додасы өз мәресіне жетті. «Voice of Turan – 2025» атты қазақ әндері фестивалі екі күн бойы түркі жұрты мен әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған көрермендерге рухани қуаныш сыйлап, сан алуан үміткердің өнеріне төр ашты. Биыл алтыншы мәрте ұйымдастырылған өнер мерекесінде жаһан жұртына қазақ ән өнерінің құдіреті мен сұлулығы паш етілді. Дарынды өнерпаздар қазақ композиторларының жауһар туындыларын жүрекпен орындап, Тұран аспанын әуезге бөледі.

Байқауға Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Татарстан, Башқұртстан, Түркия, Тыва, Тунис, Португалия, Румыния, Куба, Италия, Оңтүстік Африка, Сан-Марино, Эквадор, Индонезия, Болгария сияқты елдерден келген кәсіби әншілер қатысты. Олар Ақан серінің сырлы сазынан бастап Шәмші Қалдаяқовтың шоқтығы биік әндеріне дейін, Кеңес Дүйсекеев пен Нұрғиса Тілендиевтің терең иірімді туындыларын шеберлікпен орындап, қазақ музыкасының өрелі өрнектерін әлем жұртына паш етті.

Байқаудың шешуші кезеңінде әр қатысушы қазақ әнін өзінің дара үнімен, ерекше стильде орындап, көрермендердің ыстық ықыласына ие болды. Әрбір сәт – рухани шабытқа толы музыкалық мереке. Ал, ән бәйгесінің бас жүлдесі – шын мәнінде нағыз өнер иесіне бұйырды. Жеңімпаз атанған – Италиядан келген Vincenzo Cantiello есімді талантты әнші. Ол сахнада қазақтың асқақ әнін жан жүрегімен жеткізіп, тыңдарманды тәнті етіп қана қоймай, қазақ мәдениетіне деген шынайы құрметін өнері арқылы көрсетті.

Қазылар алқасының құрамында қазақ эстрадасының саңлақтары мен кәсіби композиторлар төрешілік етті. Төрағасы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «МузАрт» ансамблінің мүшесі Сәкен Майғазиев. Сонымен бірге, эстрада әншілері Маржан Арапбаева мен Мөлдір Әуелбекова, продюсер Бағлан Омаров, танымал әнші-композитор Әли Оқапов, Мархаба Сәби және фестивальдің бас продюсері Мейіржан Алиакбаров әділ шешім шығаруға атсалысты.

Кештің шарықтау шегінде Сәкен Майғазиев, Маржан Арапбаева, Мөлдір Әуелбекова сынды қазақ сахнасының жұлдыздары ән шырқап, мерекелік көңіл күйді еселей түсті. Халықаралық сахнада қазақ әнінің тереңдігін сезіндіріп, ұлттық өнердің шоқтығын биіктеткен бұл фестиваль – Тұран топырағындағы руханияттың жаңғыруының айқын көрінісі болды.

Бұл тағылымды шара Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен, Облыстық мәдениет басқармасы мен Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өтті. Түркістан қаласының облыс орталығы атанғанына жеті жыл толуына орайластырылған бұл өнер мерекесі – мәдени дипломатияның, рухани үндестіктің, ұлттық өнердің халықаралық деңгейде танылуының жарқын үлгісі.

«Voice of Turan – 2025» тек ән бәйгесі емес, ол – халықтар арасындағы достық пен мәдени үндестіктің алтын көпірі. Тарих пен болашақ түйіскен Тұран төрінде қазақ әні биікке самғап, әлемге үн қатты.

Ұқсас жаңалықтар

Қазығұртта әлеуметтік қолдауды цифрландыруға қадам: жаңа заманның жаңа жүйесіне бетбұрыс

redaktor_rastimes

ЖЕЗҚАЗҒАН ЖЭО ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫН ЖЕТІ ҚАЗАНДЫҚПЕН ӨТКЕРЕДІ

ТҮЛКІБАСТА МЕКТЕП ҚАБЫРҒАСЫНДА ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫ АРДАГЕРІНІҢ МУЗЕЙІ АШЫЛДЫ

redaktor_rastimes

Пікір жазу