RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Түркістанның тірегі – Төлебиде жаңа көпір ел игілігіне берілді

Түркістан облысы Төлеби ауданына қарасты Ханарық елді мекенінде тұрғындар көптен күткен маңызды инфрақұрылымдық жоба – жаңа көпір пайдалануға берілді. Стратегиялық мәні зор нысанның ашылуымен ауылдың тыныс-тіршілігіне серпін беріліп, тұрғындардың көп жылғы арманы орындалды.

Құрылысы 2018 жылы басталған бұл нысан түрлі себептермен, әсіресе мердігер мекеменің салғырттығынан ұзақ уақыт бойы аяқталмай келген еді. Алайда жауапты органдардың араласуымен, қоғам белсенділерінің, жергілікті биліктің қадағалауымен жұмыс қайта жанданып, көпір құрылысы толық аяқталды. Салтанатты ашылу рәсіміне арнайы қатысқан ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ермек Сұлтанқұлов бұл жобаның қоғам бақылауы арқылы іске асырылған жарқын мысал екенін атап өтті.

Көпірдің маңыздылығы туралы сөз алған Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов та ел қуанышымен бөлісіп, жиналған жұртқа жүрекжарды лебізін жеткізді. «Бұл көпір – тек өткел ғана емес, бұл – сенім мен тұрақтылықтың, ел мен жерге деген жанашырлықтың нақты көрінісі. Ханарық ауылы үшін ғана емес, бүкіл аудан үшін маңызды нысан. Ел игілігі үшін атқарылған істің артында адал еңбек пен елдік мүдде жатыр», – деді аудан басшысы.

Ұзындығы 42 метр, ені 10 метр болатын бұл көпірдің құрылыс жұмыстары облыстық бюджет есебінен қаржыландырылып, «АВС Group KZ» ЖШС мердігерлігімен жүргізілді. Көпір Ханарық елді мекеніндегі 250-ге жуық үй мен 2 мыңнан астам тұрғын үшін күнделікті қозғалысты жеңілдетіп, көлік қатынасына үлкен қолайлық туғызды. Бұрынғы ескі өткел жаңбырлы күндері жарамсыз болып, жергілікті жұртты әбігерге салатын. Енді, жаңа көпір ауыл өмірін ғана емес, сол маңдағы тіршілікті тұтастай жеңілдетіп отыр.

Бүгінде Түркістан облысында ауылдық инфрақұрылымды дамытуға, әсіресе жол-көпір жүйесін жаңғыртуға ерекше мән берілуде. Елді мекендердің тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған осындай нақты қадамдар өңір халқының болашаққа деген сенімін нығайтып, әлеуметтік-экономикалық дамудың басты негізіне айналып отыр.

Ұқсас жаңалықтар

Төлеби өңірі қарқынды даму үстінде: бес айда жалпы өңірлік өнім көлемі 53,1 млрд теңгеге жетті

Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-Министр Олжас Бектеновті қабылдады

redaktor_rastimes

11 айдың қорытындысымен Қазақстанның экономикалық өсуі 4,4%-ды құрады

redaktor_rastimes

Пікір жазу