RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтаринвестиция

Тартылған инвестиция – Түркістанның тың тынысы

Соңғы жеті жылда Түркістан облысы экономикалық даму қарқыны бойынша ел көлемінде көшбасшы өңірлердің біріне айналды. Бұл серпінді өзгерістердің өзегінде – инвестициялық климатты жақсарту, шетелдік және отандық инвесторларға кең мүмкіндік беру бағытында жүргізілген жүйелі саясат жатыр. Бүгінде Түркістан – тек тарихи-мәдени орталық емес, сонымен қатар ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылатын қуатты экономикалық аймаққа айналып отыр.

2018 жылдан бері Түркістан облысына тартылған инвестиция көлемі 4,2 есеге артып, 1,3 триллион теңгеге жетті. Аталған көрсеткіш жеті жыл бұрын, яғни облыс енді ғана құрылған кезеңде 314,1 миллиард теңгені құраған еді. Бұл – өңір экономикасының жаңа деңгейге көтерілгенінің нақты дәлелі. Ал 2024 жылдың басынан бері аймаққа 387,8 миллиард теңге инвестиция тартылған. Оның 199,3 миллиарды – жеке сектордан келсе, 128,7 миллиарды – мемлекеттік бюджет арқылы жүзеге асырылды.

Түркістанның тартымдылығы шетелдік инвесторлар үшін де артып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өңірге тартылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 1 миллиард 144,2 миллион АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар 245 пайызға артығымен орындалды. Бұл – Түркістанның жаһандық бизнес картасындағы беделі артып келе жатқанының белгісі.

Инвестициялық серпінділікті сақтау мақсатында алдағы үш жылға арналған ауқымды жоспарлар да бекітілді. 2025–2028 жылдар аралығында жалпы құны 2,3 триллион теңгеге бағаланған 110 инвестициялық жобаның пулы жасақталып отыр. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда 19 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Тек 2024 жылдың өзінде 321,8 миллиард теңгеге бағаланған 57 инвестициялық жоба іске қосылмақ, нәтижесінде тағы 6 908 адам жұмыспен қамтылады.

Инвесторлармен тиімді қарым-қатынас орнату үшін облыста түрлі деңгейдегі бизнес-форумдар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Түркістанның инвестициялық әлеуеті тек ел аумағында ғана емес, шетелдерде де кеңінен таныстырылып жүр. Жақында ғана облыс делегациясының Қытайға жасаған ресми сапары нәтижесінде туризм, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша келісімдерге қол қойылды. Сонымен қатар Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» екінші инвестициялық форумында қытайлық компаниялармен бес бірдей ірі жобаға қатысты меморандумдарға қол қойылды.

Аталған жобалар арасында ерекше мәнге ие бастамалардың бірі – Созақ ауданында фосфорит кенін өңдейтін зауыттың құрылысы. Жалпы құны 140 миллиард теңгені құрайтын бұл өндіріс орны жылына 1,6 миллион тонна өнім шығаруға қауқарлы болады. Жобаның жүзеге асуы нәтижесінде 1 000 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл – тек бір ғана жобаның мысалындағы әлеуметтік және экономикалық тиімділік.

Бүгінгі Түркістан – экономикалық мүмкіндігі мол, инвесторлар үшін қолайлы, әлеуеті зор өңір. Өңірге тартылған инвестициялар – жаңа жұмыс орындары, заманауи өндіріс, технологиялық жаңғыру мен өмір сапасының артуы. Ең бастысы, бұл бастамалар Түркістан халқының болашағына, ертеңіне бағытталған нақты қадамдар. Түркістанның инвестициялық өркендеуі – уақытпен үндескен, ұлт болашағымен үйлескен тарихи бетбұрыстың жарқын көрінісі.

Ұқсас жаңалықтар

Арал теңізіне 200 млн. текше метр су жіберілді

Шығыс Қазақстан облысы активіне жаңа әкім таныстырылды

redaktor_rastimes

Рухани жаңғыру жолындағы қадам: Түркістандық Ассамблея жастары тарихи сапарға шықты

Пікір жазу