Білім мен ғылымның алтын бесігіне айналған Түркістанда тағы бір тарихи сәт тіркелді. Облыс орталығында орналасқан Назарбаев Зияткерлік мектептерінің химия-биология бағытындағы жаңа оқу ордасы алғашқы түлектерін үлкен өмірге салтанатты түрде шығарып салды. «Зияткер түлек – 2025» атты аттестат табыстау рәсімі Түркістанның сән-салтанаты жарасқан «Конгресс Холл» кешенінде ұйымдастырылды.
Бұл – 2021 жылы бой көтерген жас білім ордасы үшін айрықша күн. Алғашқы шәкірттерінің арманы орындалып, үш жылдық сапардың нәтижесі аттестатпен қорытындыланды. Салтанатты жиынға Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, Halyk Bank АҚ Түркістан облыстық филиалының директоры Нұрбол Нұсқабеков, ата-аналар, ұстаздар мен оқушылар қатысты. Кеш шымылдығы тебірентер құттықтаулар мен бейнероликтерге ұласып, білім ордасының қысқа мерзімдегі жетістіктері, оқушылардың шығармашылық және академиялық табыстары паш етілді.
Сахна төрінен төгілген жүрекжарды лебіздер мен тілектер түлектердің болашағына бағыт-бағдар беріп, олардың әрбір қадамына сенім ұялатты. Ұстаздардың түлектерге арнаған би флешмобы мен арнайы музыкалық тартуы кешке ерекше әр беріп, білім мен мейірімге толы сәттерге айналды.
Жалпы саны 56 түлек биылғы жылы Түркістандағы Зияткерлік мектепті сәтті тәмамдады. Олар білім сапасы бойынша халықаралық деңгейдегі IELTS, SAT секілді сынақтарда жоғары нәтиже көрсетіп, 7.0-ден 8.0-ге дейінгі ұпай жинады. Бұл — қажырлы еңбек пен үздіксіз дайындықтың айғағы. Жас түлектер бүгінде еліміздің жетекші жоғары оқу орындары – Назарбаев Университеті мен шетелдік беделді университеттердің студенті атануға жолдама алды. Олардың қатарында әлемдік QS World University Rankings 2025 тізімінде 38-орында тұрған Канаданың University of British Columbia, Asian University Rankings рейтингі бойынша 43-орындағы Hong Kong Baptist University, және Times Higher Education зерттеуі бойынша әлемнің үздік алты университетінің бірі саналатын Arizona State University секілді алпауыт білім ордалары бар.
Үш жыл бұрын қабырғаға алғаш табалдырық аттаған жас зияткерлер бүгін мүлде жаңа өмірдің есігін ашып отыр. Бұл — тек білім беру процесінің емес, тәрбиенің, рухани дамудың, тұлғалық қалыптасудың жемісі. Ұстаздар мен оқушылар арасындағы сенім мен ынтымақ, үздіксіз еңбек пен биік мақсаттар осы жетістікке жетеледі.
Түркістан төрінде тұңғыш рет түлеп ұшқан зияткерлер болашаққа нық сеніммен аттануда. Бұл — тек бір мектептің ғана емес, бүкіл өңірдің білім кеңістігіндегі ірі тарихи белес. Алдымыздағы жылдарда бұл орданың сансыз түлектері еліміздің дамуына сүбелі үлес қосарына еш күмән жоқ.