RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
БілімЖаңалықтар

Балғын балалықтың балдай демалысы: Түркістанның таулы шатқалында лагерь маусымы ашылды

Түркістан облысында жазғы демалысты мағыналы әрі қуанышты өткізуге бағытталған бастамалар биыл да жалғасын тапты. Биылғы жазғы маусымда балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін тағы екі жаңа демалыс лагері іске қосылып, балғын бүлдіршіндердің шат күлкісі таулы шатқалдарда қайта жаңғырып жатыр.

Табиғаты көркем, саф ауасы жанға шипа Түлкібас ауданындағы Келтемашат шатқалында орналасқан «Отырар» жазғы сауықтыру лагері биылғы жазда алғаш болып өз есігін айқара ашты. Жасыл желекке көмкерілген демалыс ордасына алғашқы ауысымда Отырар ауданынан 153 бала қабылданып, шат-шадыман күй кешуде. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы полиция қызметкерлері лагерьге дейін ілесіп, бүлдіршіндерді аман-есен жеткізді.

Лагерьдің ашылу сәтінде аудан әкімінің орынбасары Айдос Құлмаханов пен аудандық білім бөлімінің басшысы Құдайберген Шербаев оқушыларға ақжолтай тілектерін арнап, жазғы демалысты көңілді әрі мазмұнды өткізуге тілек білдірді. Ата-аналар да облыс әкімдігіне алғыстарын айтып, балалар үшін жасалған жан-жақты қолдауды жоғары бағалады. Айта кетерлігі, биыл Отырар ауданы бойынша барлығы 31 мектептен 1050 оқушының жазғы лагерьге жолдануы жоспарланып отыр. «Отырар» лагері жеті ауысым бойынша жұмыс істеп, әр кезеңде 150 баланы қабылдайды.

Сонымен қатар, Созақ ауданынан келген бүлдіршіндер үшін табиғаттың қойнауында орналасқан «Машат-Арасан» лагері де өз жұмысын бастап үлгерді. Мұнда алғашқы ауысым аясында 450 бала тынығуға кірісті. Демалыс орнында қауіпсіздікке ерекше мән беріліп отыр: шамамен 20-ға жуық бейнебақылау камерасы орнатылып, кәсіби күзет қызметі тұрақты түрде кезекшілік атқарады.

Балалардың жазғы тынығуының әр сәті тәрбиелік мәнге ие. Олар ұйымшылдыққа, адамгершілікке баулып, салт-дәстүр мен мәдениетті құрметтеуге, отансүйгіштік пен жауапкершілікке үйретіледі. Бұл бағытта 26 тәжірибелі тәрбиеші, екі дене шынықтыру нұсқаушысы, психолог, медбике және пән мұғалімдері бірлесіп жұмыс атқаруда. Балаларға арналған кешенді тәрбие бағдарламасы негізінде әрбір күн қызықты әрі пайдалы өтуде.

Лагерьде қауіпсіздікке қатысты түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізіледі. Электр құралдарын пайдалану, өрт қауіпсіздігі, жолда жүру ережелері, бассейнге шомылу кезіндегі сақтық шаралары, спорт алаңдарындағы тәртіп туралы нұсқаулықтар балаларға күн сайын ескертіліп отырады. Тіпті түнгі кезекшілік те ұйымдастырылып, барлық тәрбиеленушінің тыныштығы мен қауіпсіздігі қадағалануда.

Демалыс кезеңі тек көңіл көтерумен шектелмей, балалардың денсаулығына да ерекше көңіл бөлінеді. Лагерьде балалар күніне бес мезгіл құнарлы аспен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, келген және кеткен кездегі салмақ пен бой ұзындығы өлшеніп, денсаулықтары жіті бақылауға алынады. Медициналық көмек көрсету үшін арнайы білікті медбикелер тәулік бойы кезекшілік атқарады. Ал тәрбиешілер балалардың жеке гигиенасы мен төсек-орын тазалығына жауапты.

Балғындардың дене бітімінің дұрыс дамуына ықпал ету мақсатында түрлі спорттық шаралар, ойындар мен жарыстар ұйымдастырылып, балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік жасалуда. Осындай жан-жақты қамқорлық пен шат көңілді сәттер балалық шақты естен кетпес естеліктерге айналдырып, балалардың жүрегінде мәңгілікке сақталары сөзсіз.

Осылайша, Түркістанның баурайындағы таулы шатқалдарда жазғы демалыс маусымы шынайы мерекеге айналып, мыңдаған баланың шаттығына себеп болуда. Бұл — келешек ұрпақтың жарқын болашағына жасалған үлкен қадамның жарқын көрінісі.

Ұқсас жаңалықтар

Президент жаңа Салық кодексін қабылдау мерзімін ауыстыруды тапсырды

admin_rastimes

78 қазақстандық кәсіпорын ҚХР БКБ-ның аккредитациясынан өтті

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы: 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды

admin_rastimes

Пікір жазу