Білім – ұлт болашағының алтын діңгегі. Осы орайда, ел Президентінің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бүгінде Түркістан облысында кең көлемде жүзеге асырылып, өңірдің білім беру жүйесінде жаңа тыныс ашып отыр. Түркістан облысында аталған жоба аясында жалпы саны 29 жаңа мектептің құрылысы қолға алынған, бұл білім ошақтары 22 900 оқушыға арналған. Құрылыс жұмыстары екі кезең бойынша жоспарланған: 2024 жылы – 13 мектеп, ал 2025 жылы – 16 мектеп ел игілігіне тапсырылады деп күтілуде. Жақында облыс әкімдігінде осы жобаның орындалу барысы мен білім ошақтарын білікті мамандармен қамту мәселесі арнайы кеңесте талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жиында сөз сөйлеп, сала басшылары мен жауапты әкімдерге нақты міндеттер жүктеді.– Құрылысы жүріп жатқан мектептердің барлығы белгіленген мерзімде және жоғары сапада пайдалануға беріліп, оқу жылының басына дейін дайын болуы тиіс. Бұл – тек құрылыс емес, болашаққа салынған іргетас. Сондықтан мердігерлер жұмысты үлкен жауапкершілікпен атқаруы қажет. Ең бастысы – бұл мектептерді кәсіби, жаңашыл педагогтармен және басшылармен қамтамасыз етуіміз керек. Қазірден бастап дайындықты жүйелеңіздер, – деді өңір басшысы.Құрылыс – қарқында, бақылау – тұрақты Кеңес барысында облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Тұрханов пен білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы А.Қасымбекова құрылыс және кадрлық дайындық барысы туралы есеп берді.
Қазіргі таңда мектептерге қажетті инженерлік инфрақұрылымның барлығы – газ, су, жарық, байланыс жүйелері 100% тартылған. Сонымен қатар:
-
22 мектептің кірме жолдары толық салынған;
-
Қалған 7 мектептің кірме жолдары ауыр техника жұмыстары аяқталған соң асфальтталады;
-
13 мектептің құрылысы толық аяқталып, оның 9-ында оқу процесі басталып кетті, ал 4 мектепте 2024 жылдың қыркүйек айында алғашқы қоңырау соғылады;
-
2025 жылы ашылуы тиіс 16 мектептің 11-інде құрылыс жұмыстары 83%-ға орындалған.
Білікті ұстаз – сапалы білім кепілі
Қазіргі уақытта жаңа салынған 9 жайлы мектепте 736 педагог білім беру ісіне жұмылдырылған. Жоба аясында барлығы 23 мектеп директоры тағайындалған. Олардың ішінде:
-
6 мектеп директоры – «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» жобасынан іріктелсе,
-
13 басшы – конкурстық тәртіппен,
-
4 мектептің директоры – ауысу негізінде тағайындалған.
-
2025 жылы пайдалануға берілетін 16 мектептің 12-сіне басшы бекітілген. Қалған 4 мектептің директорларын тағайындау процесі жүргізілуде: 2-еуі конкурс арқылы, 2-еуі ауысу тәртібімен анықталады деп жоспарлануда. «Жайлы мектеп» жобасы – ел ертеңіне бағытталған маңызды бастама. Жаңа мектептер – тек білім беру орындары ғана емес, олар – балалардың арманына апарар алтын көпір. Түркістанда жүзеге асып жатқан бұл ауқымды жұмыс өңірдің білім саласын жаңа деңгейге көтеріп, мыңдаған шәкірттің сапалы білім алуына берік негіз болары сөзсіз.