Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедов SPK Turkistan индустриялық паркіне барды.
Қазіргі таңда бұл өндірістік аймақта жалпы құны 36,5 миллиард теңге болатын 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелері, ауыл шаруашылығы техникалары (тракторлар), білім беру мен медицина мекемелеріне арналған жиһаздар, есіктер және өндірістік тоңазытқыштар шығару жолға қойылған.
Өндіріс паркін дамытудың келесі кезеңінде 70 гектар аумақта 112 ғимарат салу және жалпы құны 39,7 миллиард теңге болатын 13 жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Сапар барысында Мемлекет басшылары ғарыш өнеркәсібі, машина жасау, металлургия, құрылыс индустриясы, жеңіл, тамақ және химия өнеркәсібінде жұмыс істейтін қазақстандық өндірушілердің көрмесімен танысты.
Экспозицияда отандық кәсіпорындар өндіретін автокөліктер, ауыл шаруашылығы техникалары, тұрмыстық техника, медициналық құрылғылар, өндірістік аккумуляторлар, жиһаздар, тоқыма өнімдері, киім-кешек және басқа да тауарлар ұсынылды.