Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков пен Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов Ұлы Отан соғысының соңғы солдатын «7 мамыр – ҚР Отан қорғаушылар күнi» және «9 мамыр – Ұлы Жеңiс күні» мерекелерімен құттықтап, сый-сияпат жасады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің мерекелік құттықтауларын табыстап, 5 млн теңге қаржының сертификатын, мерекелік себет тарту етті.
1418 күн мен түнге созылған қайғы-қасіреті мол, адамзат тарихында ІІ Дүние жүзілік соғыс атауымен таңбаланған сұрапыл соғыста от кешіп, кеудесін оққа төсеген соғыс ардагерлерінің ерліктері ел есінде мәңгіге сақталып қала бермек. Ғасырдан-ғасырға жетерлік ауыр қасірет қалдырған осынау соғыстың зардабын шеккен жетісайлық Папков Петр Кузьмич 1925 жылдың маусымында Татарстан Республикасының Максимовка селосында дүниеге келген. Бүгінде аудандағы көзі тірі жалғыз майдангер.
1942 жылы әскерге алынған Петр Кузмич 73 гвардиялық армияға түсіп, 105 полк құрамында қызмет еткен. Киев, Бухарест, Венгрия қалаларын азат ету шайқастарына қатысқан, құрылыс батальонында жүргізуші, құрылысшы болған майдангер 1950 жылы әскерден оралған. Қанды қырғынның соңғы нүктесін қойып, елге келгеннен кейін тұралап қалған ауыл шаруашылығы саласында, ауылдарды қалпына келтіру ісінде аянбай еңбек еткен. Трактор тізгіндеп, зейнетке шыққанша адал еңбектің нанымен өніп-өседі. Өз кіндігінен өрбіген 4 қызынан немере-шөбере сүйіп отырған қарт майдангер Ұлы Отан Соғысы мен Еңбек ардагері, «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.
Айта кетейік, бүгінде мереке қарсаңында аудандағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің екінші рет некеге тұрмаған 5 зайыбына 20 АЕК мөлшерінде, соғыс жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының орден-медальдарымен наградталған 245 адамға 15 АЕК мөлшерінде, Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен 77 азаматқа 30 АЕК мөлшерінде бір реттік әлеуметтік жәрдемақы төленген.
Одан бөлек, 1986 – 1987 жылдары Чернобль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ, ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан 22 адамға, 1986–1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Карабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілерге, бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамында болған 31 адамға, 1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде ТМД шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған ҚР 43 әскери қызметшісіне 30 АЕК мөлшерінде бір реттік әлеуметтік жәрдемақы берілген.


