Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен медицина саласына ерекше көңіл бөлінуде. Бүгінде өңірдегі санитарлық авиация қызметі жаңа форматқа көшуі арқылы технологиялық тұрғыда жетіліп, қызмет сапасы да едәуір артты. Облыстық санитарлық авиация қызметінің автопаркі биыл соңғы үлгідегі арнайы техникалармен жабдықталған заманауи 15 көлікпен толықты.
Бүгін облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев көпсалалы жедел қызмет көрсететін көліктердің технологиялық мүмкіндіктерімен танысып, медициналық авиация қызметіне 2 жаңа жедел жәрдем көліктерін табыстады. Арнайы көліктер жаңа туған сәбилерді санавиациялық тасымалдауға қажетті жабдықтармен толық қамтылған.
Құрылғылары әлемдік стандартқа сай, ең алғашқы «алтын уақытта» шұғыл жедел жәрдем көрсетуге қажетті қазіргі заманғы медициналық құрылғылардың бәрі бар. Жаңа техникалар инкубатор, оттегі баллоны, жаңа туған нәрестелерге арналған модулі бар желдеткіш аппараты, жедел жәрдемге арналған арба, дефибриллятор және басқа да қажетті жабдықтар орнатылған. Бұл медицина қызметкерлеріне шұғыл көмек қажет болған нәрестелерді облыс орталығындағы емдеу мекемелеріне тасымалдап, жедел медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, жыл басынан бері жедел медициналық жәрдем пультіне 750 мыңнан астам шақырту түскен. Түркістан облысындағы ШЖҚ «Облыстық жедел медициналық жәрдем станциясы» МКК-да жалпы 150 бригада өңірдегі 2 миллионнан астам халыққа медициналық жедел жәрдем қызметін көрсетіп келеді. Оның ішінде, дәрігерлік – 34 , фельдшерлік 116 бригада бар. 4 – санаттағы жедел жәрдем қызмет көресуге арналған 75 бригада жұмыс істейді.
Мекеме балансында 200-ге жуық автокөлік бар. Жыл басынан бері 13 жаңа автокөлік 4 санатты категория бойынша шақыртуларға үлестірілді. Сонымен қатар облыстық әкімдіктің қолдауымен жергілікті бюджет есебінен жаңа туған нәрестелерді тасымалдауға арналған 2 реанимобиль автокөлігі сатып алынды. 2025 жылға тағы қосымша 60 дана жедел жәрдем автокөлігін сатып алу жоспарлануда.
Дереккөз: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі