Түркістан қаласындағы «Olympic center» спорт кешенінде бокстан КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ұлттық құраманың бас бапкері болған Әбдісалан Нұрмахановты еске алуға арналған ХХХІ халықаралық турнир өз деңгейінде ұйымдастырылып, табысты аяқталды.
Биылғы дүбірлі додаға Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және еліміздің түкпір-түкпірінен 100-ге жуық былғары қолғап шебері қатысып, 13 салмақ дәрежесі бойынша мықтылар анықталды.
Апта бойы өткен тартысты кездесулерде Түркістан облысының боксшылары үздік өнер көрсетіп, 8 спортшы финалға жолдама алды. Атап айтқанда, 48 келіде Нұрғиса Тұрабеков, 63,5 келіде Архат Тұрғынбек, 67 келіде Абдіғалым Абдикәрім, 71 келіде Үсен Ахмет, 86 келіде Бекболат Әбдікерім және +92 келіде Даниял Сапарбай алтын медаль жеңіп алса, 60 келіде Мәдіяр Қыдырәлі мен 80 келіде Рамазан Дәуетай күміс жүлдеге ие болды. Ал 54 келіде Асхат Сағындықов қола медальмен шектелді.
Жалпы, Түркістан облысының былғары қолғап шеберлері бұл турнирде 6 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль жеңіп алып, аймақ абыройын асқақтатты.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров құттықтап, арнайы медальдар, кубоктар, статуэткалар және алғыс хаттармен марапаттады. Сондай-ақ спорт мектептерінің директорлары мен спорт жанашырлары да жеңімпаздарға құрмет көрсетті.


