Түркістан облысында жыл басында ауыл шаруашылығы саласында дамудың 16 көрсеткіші бекітіліп, өңір басшысының бақылауымен тұрақты рейтингтік бағалау жүргізіліп келген.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 11 айды Кентау қаласы, Келес, Сарыағаш, Түлкібас және Созақ аудандары белгіленген межеден төмен көрсеткішпен қорытындылаған. Мәселені зерделеу барысында өндірістің кей бағыттарында жұмыс көлемінің статистикалық дерекқорға мерзімінен кешіктіріліп енгізілетіні белгілі болды.
Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Ұлттық статистика бюросының Түркістан облыстық статистика департаментінің басшысы Гүлнар Күнтуғанованың қатысуымен аудан-қала әкімдерінің салаға жауапты орынбасарларымен арнайы мәжіліс өткізді.
Күн тәртібінде индикаторлық көрсеткіштерді статистикалық дерекқормен сәйкестендіру, есептердің мерзімінен кешіктірмей ұсынылуы және олардың дерекқорға енгізілуі сараланды.
Мәжіліс барысында Гүлнар Күнтуғанова статистикалық есеп жүргізу ерекшеліктері мен жүйедегі өзгерістер жөнінде толыққанды мәлімет берді.
Облыс әкімінің орынбасары жылдың индикаторлық жоспарын орындау үшін өңірлер жұмысты өз деңгейінде үйлестіруі тиіс екенін ескертіп, жиналысқа қатысушыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
– Жыл бойы атқарылған еңбектің жемісі есептен тыс қалмауы қажет. Бұл мәселеге атүсті қарауға болмайды. Жауапкершілікпен атқарыңыздар. Жыл қорытындысына сәйкес сіздердің жұмыстарыңызға да баға берілетінін назарларыңызға саламын, – деді Нұрбол Тұрашбеков.
Мәжіліс қорытындысымен хаттама түзіліп, тапсырмалар нақтыланды.
Дереккөз: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі