RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

ОТЫРАР АУДАНЫНДА КЕПТІРІЛГЕН ЖЕМІС ӨНДІРЕТІН КӘСІПОРЫН ТӘУЛІГІНЕ 100 КЕЛІ ӨНІМ ДАЙЫНДАЙДЫ

Отырар ауданында инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Мемлекет басшысының экономиканы әртараптандыру және өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Түркістан облысында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Осы бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауында болып, аудан әкімдіктеріне нақты міндеттер жүктелген.

Бүгінде Отырар ауданында кәсіпкерлікті қолдау және өндірістік әлеуетті арттыру мақсатында жүйелі шаралар қабылдануда. Соның нәтижесінде Қарғалы ауылдық округінде орналасқан «Отырар» индустриалды аймағында өндірістік парк табысты жұмыс істеп келеді. Аталған аумақта жалпы құны 305 миллион теңгені құрайтын бес инвестициялық жоба іске асырылған. Бұл жобалар аудан экономикасының дамуына серпін беріп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті тұрғындардың әл-ауқатының артуына ықпал етуде.

Аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы өндірістік паркке арнайы барып, жүзеге асырылып жатқан жобалардың жұмыс барысымен танысты. Кәсіпкерлермен және жауапты мамандармен кездескен аудан басшысы өндіріс орындарының қазіргі жағдайына назар аударып, алдағы даму жоспарларын талқылады. Сонымен қатар өндірістік инфрақұрылымды жетілдіру, кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалану, инвестициялық жобалардың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасау мәселелері қаралды.

Өндірістік паркте жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалардың бірі – «Eliko Snacks» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кептірілген жеміс өндіру кәсіпорны. Заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс орны табиғи өнімдерді өңдеп, нарыққа сапалы әрі экологиялық таза өнім ұсынуға бағытталған.

Кәсіпорында жеміс-жидектер арнайы вакуумдық кептіру әдісі арқылы өңделеді. Бұл технология өнім құрамындағы дәрумендер мен пайдалы микроэлементтердің сақталуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар жемістердің табиғи дәмі мен сапасы жоғалмай, ұзақ уақыт сақтауға қолайлы болады. Мұндай тәсіл халықаралық стандарттарға сай келетін өнім өндіруге жол ашып отыр.

Қазіргі таңда кәсіпорында бес адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал өндірістік қуаты тәулігіне 100 келі кептірілген жеміс өнімін шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорын алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, өнім түрлерін көбейтуді жоспарлап отыр. Бұл өз кезегінде қосымша жұмыс орындарын ашуға және өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына оң әсерін тигізбек.

Мамандардың айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытындағы мұндай жобалар өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға, қосылған құны жоғары өнім шығаруға және жергілікті шикізатты тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Әсіресе жеміс-жидек өнімдерін өңдеу саласының дамуы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жаңа нарықтарға жол ашып, өнім өткізудің тиімді тетігін қалыптастырады.

Отырар ауданында іске асырылып жатқан өндірістік жобалар өңір экономикасының тұрақты дамуына, инвестициялық тартымдылықтың артуына және халықты жұмыспен қамту деңгейінің өсуіне ықпал етуде. Ал «Отырар» индустриалды аймағындағы жаңа кәсіпорындар ауданның өндірістік әлеуетін күшейтіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беріп отыр.

Ұқсас жаңалықтар

Түнгі аспанды тербеткен рух пен бейбітшілік жыры

redaktor_rastimes

Жаңа Конституция азаматтардың өзекті сұранысына жауап береді

redaktor_rastimes

Түркістанда денсаулық сақтау саласы жаңа деңгейге көтеріледі

redaktor_rastimes

Пікір жазу