RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНА ЖАҢА БАСШЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің өкімімен Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы лауазымына Плалов Әлібек Әбдіхалықұлы тағайындалды. Жаңа басшыны басқарма ұжымына облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков таныстырып, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.

Кездесу барысында Нұрбол Тұрашбеков өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту, ауыл шаруашылығы саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды тиімді іске асыру, инвестициялық жобаларды қолдау және ауыл еңбеккерлерінің әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастырудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту, су үнемдеу технологияларын енгізу, егін және мал шаруашылығын дамыту, өңдеу өнеркәсібін өркендету секілді басым міндеттерді атап өтті.

Әлібек Әбдіхалықұлы ауыл шаруашылығы саласында мол тәжірибе жинақтаған маман ретінде танылып келеді. Ол 1991 жылы дүниеге келген. 2013 жылы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін «Агрономия» мамандығы бойынша тәмамдаса, 2019 жылы Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетінде «Экономика» мамандығы бойынша білімін жетілдірген.

Еңбек жолын 2014 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасында оператор қызметінен бастаған. Қызметінің алғашқы жылдарында басқарманың механикаландыру бөлімінде жетекші маманның міндетін атқарушы, жетекші маман және бас маман лауазымдарын атқарып, саланың өндірістік және ұйымдастырушылық бағыттарында тәжірибе жинақтады.

2016–2018 жылдары кооперациялауды дамыту бөлімінде, кейін егін шаруашылығын дамыту және механикаландыру бөлімінде бас маман болып еңбек етті. Осы кезеңде ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру мен дамыту, егіншілік саласындағы мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру және ауыл шаруашылығы техникаларын жаңғырту бағытындағы жұмыстарға белсенді қатысты.

2018–2019 жылдары Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының егін шаруашылығын дамыту және механикаландыру бөлімінде бас маман қызметін атқарды. Ал 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап осы бөлімнің басшысы болып тағайындалып, өңірдегі егін шаруашылығының дамуына қатысты маңызды жобаларды үйлестірді.

2020 жылғы наурыз айынан 2023 жылғы маусымға дейін Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу бөлімін басқарды. Бұл кезеңде егіс алқаптарының өнімділігін арттыру, заманауи агротехнологияларды енгізу және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағытындағы жұмыстардың нәтижелі жүзеге асуына үлес қосты.

2023 жылғы маусым айынан бастап осы уақытқа дейін Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды. Басшылық қызметте өңірдің аграрлық секторын дамытуға бағытталған бірқатар жобалардың жүзеге асуына қатысып, саланың өзекті мәселелерін шешу жолында тәжірибе жинақтады.

Айта кету керек, Түркістан облысы республикадағы ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі саналады. Сондықтан басқарма басшысының алдына агроөнеркәсіптік кешеннің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, шаруаларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, экспорт көлемін ұлғайту және инвестиция тарту бағытында ауқымды міндеттер қойылып отыр.

Жаңа басшының кәсіби тәжірибесі мен саланы терең білуі өңірдің ауыл шаруашылығы әлеуетін одан әрі дамытуға және аграрлық сектордың тұрақты өсімін қамтамасыз етуге оң ықпал етеді деп күтілуде.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан төрінде түлеген үміт: Қожа Ахмет Ясауи университетінің үздік түлектеріне диплом табысталды

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КОЛЛЕДЖДЕРГЕ ГРАНТ БӨЛУДЕ ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ

redaktor_rastimes

ШАРУАЛАР ҚЫСТА ҚЫРЫҚҚАБАТ ЕГУДІ БАСТАДЫ

redaktor_rastimes

Пікір жазу