RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

КЕЛЕСТЕГІ ШҰҚЫРСАЙ АУЫЛЫНДА ЖЫЛЫНА БІРНЕШЕ РЕТ ӨНІМ АЛУ ДӘСТҮРІ ҚАЛЫПТАСҚАН

Келес ауданындағы Шұқырсай елді мекені бүгінде ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан ауылдардың біріне айналып отыр. Мұндағы дихандар жерді тиімді пайдаланып, жылына екі-үш рет өнім алу тәжірибесін кеңінен қолданып келеді. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі артып, жергілікті тұрғындардың әл-ауқаты жақсарып, экспорттық әлеует те жоғарылауда.

Қазіргі таңда ауыл шаруалары ашық алқаптарға биылғы жылдың екінші өнімін егу жұмыстарын бастап кеткен. Ерте көктемде алғашқы өнімдерін жинап үлгерген диқандар енді тәтті бұрыш, баялды, жүгері және өзге де көкөніс дақылдарын отырғызуға кіріскен. Ауыл тұрғындарының басым бөлігі егіншілікпен айналысатындықтан, мұнда әрбір жер телімін барынша тиімді пайдалану басты назарда.

Шұқырсай ауылының биі Яндашбай Әбдіқадіровтың айтуынша, ауыл шаруалары өндірген өнімдер тек ішкі нарықпен шектелмей, шетелге де жөнелтіледі. Ерте көктемде жиналған көкөніс өнімдері сыртқы нарыққа шығарылып, экспорт көлемі тәулігіне 200-250 тоннаға дейін жетеді. Бұл көрсеткіш ауылдағы еңбекқор диқандардың маңдай терінің нәтижесін айқын көрсетеді.

Ауылдағы табысты шаруалардың бірі – Абай ауылының тұрғыны Хайрулла Қадіров. Ол биыл 2 гектар жерге картоп егіп, алғашқы өнімін жинап, нарыққа шығарған. Қазір шаруа екінші айналым ретінде тәтті бұрыш пен баялды көшеттерін отырғызып үлгерді. Оның айтуынша, қолайлы ауа райы мен агротехникалық талаптардың сақталуы нәтижесінде әр гектардан 25-30 тоннаға дейін өнім алу жоспарлануда. Мұндай тәжірибе жердің өнімділігін арттырып қана қоймай, шаруалардың табысын еселеуге мүмкіндік береді.

Жалпы Келес ауданында ауыл шаруашылығы саласы тұрақты даму үстінде. Аудан әкімдігінің мәліметіне сәйкес, биылғы жылдың алғашқы төрт айында өндірілген ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 12 миллиард 869,6 миллион теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 миллиард 704,3 миллион теңгеге артық. Көрсеткіштердің өсуі аудандағы аграрлық сектордың әлеуеті жоғары екенін және мемлекеттік қолдау шараларының тиімді жүзеге асып жатқанын аңғартады.

Өсімдік шаруашылығын дамыту мақсатында 2026 жылы аудан көлемінде 24 мың 800 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 мың 875 гектарға артық көрсеткіш. Оның ішінде 7 мың гектардан астам алқапқа дәнді және бұршақты дақылдар, 250 гектарға мақта, 1 мың 920 гектарға картоп, 9 мың 560 гектарға көкөніс және 2 мың 490 гектарға бақша дақылдары орналастырылады. Сонымен қатар аудан аумағындағы жылыжайлардың жалпы көлемі 112 гектарды құрап отыр.

Ауыл шаруашылығын дамытуда су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі де ерекше маңызға ие. Келес ауданында жалпы ұзындығы 677 шақырым болатын 151 канал және 393,6 шақырымды құрайтын 144 қашыртқы жүйесі бар. Биыл суару маусымын сапалы өткізу үшін ұзындығы 218,5 шақырым болатын 68 су нысанын механикалық тазалау жоспарланған. Қазіргі таңда оның 163 шақырымы тазартылып, жоспарлы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда.

Келес ауданындағы Шұқырсай ауылының тәжірибесі ауыл шаруашылығында жерді тиімді пайдалану мен еңбек өнімділігін арттырудың жарқын үлгісі саналады. Бір жылда бірнеше рет өнім алып, экспорт көлемін ұлғайтып отырған шаруалар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келеді. Мұндай нәтижелер ауыл еңбеккерлерінің кәсібилігі мен тынымсыз еңбегінің жемісі екені сөзсіз.

Ұқсас жаңалықтар

Созақтың болашағы – әртараптандырылған экономикада: облыс әкімі нақты міндеттер жүктеді

redaktor_rastimes

«Эко такси» таза экологиялық жобасы іске қосылды

Қазақстан мен Қырғызстан премьер-министрлері сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту шараларын талқылады

redaktor_rastimes

Пікір жазу