RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА СУ ҮНЕМДЕУ ТЕХНОЛОГИЯСЫН ҚОЛДАНАТЫН ШАРУАЛАР САНЫ АРТЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысында суғару маусымы тұрақты жүргізіліп, ауыл шаруашылығы алқаптарын ағын сумен қамтамасыз ету жұмыстары бақылауда тұр. Өңірдегі су ресурстарын тиімді пайдалану, егістік алқаптарына су жеткізу және су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелері облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте кеңінен талқыланды.

Жиын барысында жауапты басқармалар мен су шаруашылығы мекемелерінің өкілдері атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасап, суғару науқанының қазіргі ахуалы туралы ақпарат берді. Мәжілісте су жеткізу кестесінің орындалуы, шаруалардың ағын сумен қамтамасыз етілуі және су тапшылығының алдын алу шаралары қаралды.

Облыс аумағындағы ірі су көздерінің бірі саналатын Шардара су қоймасы арқылы Шардара, Отырар және Арыс аудандарындағы егістік алқаптар суғарылады. Бүгінде аталған аудандардағы 74,7 мың гектар жерге су беру жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта су қоймасынан бүгінгі күнге дейін 448,3 миллион текше метр су босатылған.

Ал Мақтаарал мен Жетісай аудандарының шаруалары үшін стратегиялық маңызы бар «Достық» магистральді каналы арқылы 484,5 миллион текше метр су жеткізілген. Каналдың тұрақты жұмысы мақта және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіретін шаруашылықтардың өнімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен қатар Қазығұрт, Сарыағаш және Келес аудандарындағы шаруалар «Зах», «Ханым» және «Үлкен Келес» су арналары арқылы ағын сумен қамтылуда. Қазіргі таңда осы су арналары арқылы 4251 шаруа қожалығына қажетті су жеткізіліп жатыр.

Жиында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Досхан Лесов вегетациялық кезеңнің қалыпты жағдайда өтіп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, аудандарда су беру кезектілігі нақты бекітіліп, арнайы кестелер әзірленген. Соның нәтижесінде су босату жұмыстары жоспарға сәйкес жүзеге асырылып келеді.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу болды. Бұл бағытта өңірде бірқатар нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Басқарма басшысының міндетін уақытша атқарушы Әлібек Плаловтың айтуынша, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдау шараларының нәтижесінде бүгінде 1083 шаруа қожалығы су үнемдеу технологияларын пайдалана бастады. Атап айтқанда, олардың егістік алқаптарында тамшылатып және жаңбырлатып суғару жүйелері енгізілуде.

Сондай-ақ қазіргі таңда тағы 328 шаруа қожалығы су үнемдеу технологияларын енгізуге қажетті құжаттарын рәсімдеп, мердігер мекемелермен келісімшарт жасау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мамандардың айтуынша, шаруалар арасында әсіресе тамшылатып суғару әдісіне сұраныс жоғары. Себебі бұл технология су шығынын азайтып қана қоймай, өнім көлемі мен сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Су ресурстарының тапшылығы әлемдік деңгейде өзекті мәселеге айналып отырған кезеңде Түркістан облысында суды үнемдеп пайдалану бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Өңірде ауыл шаруашылығы өндірісінің негізгі бөлігі суармалы жерлерге тәуелді болғандықтан, жаңа технологияларды енгізу ерекше маңызға ие.

Мәжіліс қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, көтерілген мәселелердің шешу жолдарын талқылады. Ол су тұтыну талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етіп, шаруаларға судың уақытылы жеткізілуін тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.

– Су тұтыну шарттарының сақталуына бақылауды күшейтіңіздер. Кезегін күткен шаруаларға су мерзімінде жетуі керек. Қателікке жол бермеңіздер. Әрбір жауапты мекеме өз міндетін сапалы атқаруы тиіс, – деді Нұрбол Тұрашбеков.

Жалпы Түркістан облысында биыл су үнемдеу технологияларын 164 мың гектар алқапқа енгізу жоспарланып отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай жоғары көрсеткіш. Мәселен, 2025 жылы облыста су үнемдеу технологиялары 114 мың гектар жерге енгізілген болатын. Осылайша өңірде суды тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар қарқын алып, ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуына негіз қалануда.

Ұқсас жаңалықтар

Өзбекстан 1 қазанға дейін Қазақстанға 16 млрд. текше метр су жібереді

redaktor_rastimes

Түркістанды аграрлық ғылымның ордасына айналдыру жолында алғашқы қадам: халықаралық әріптестік пен білім ордасы құру мәселесі күн тәртібінде

redaktor_rastimes

Түркі әлемі мен Қытай арасындағы жаңа көпір: Түркістан мен Хэйлунцзян өзара ынтымақтастықты бекітті

redaktor_rastimes

Пікір жазу