RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Түркістан гүл шаруашылығын дамытудың жаңа кезеңіне қадам басты

 

Түркістан облысының Қытай Халық Республикасына жасаған жұмыс сапары барысында гүл шаруашылығын дамыту және халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері кеңінен талқыланды. Сапар аясында гүл өндірісі, логистика, экспорт және заманауи агротехнологияларды енгізу бағытындағы бірқатар маңызды келісімдерге қол жеткізіліп, өңірдің гүл индустриясындағы әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін бастамалар қарастырылды.

Сала өкілдерінің пікірінше, гүл саудасының дамуы халықтың әлеуметтік жағдайы мен тұрмыс сапасының маңызды көрсеткіштерінің бірі болып саналады. Осыған байланысты гүл өндірісін дамыту тек аграрлық сектор үшін ғана емес, өңір экономикасының өсімі мен кәсіпкерлікті қолдау тұрғысынан да маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырылып отыр.

Кәсіпкер Тұрсын Тасқожаевтың айтуынша, бүгінде Түркістан облысы гүл саудасы мен гүл өсіру саласында еліміздің жетекші өңірлерінің қатарына кіреді.

– Гүл сатып алу – халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс деңгейінің көрсеткіші. Зерттеулерге сүйенсек, елімізде гүл саудасы ең қарқынды дамыған өңірлердің бірі – Түркістан облысы. Қытайдағы гүл кешенінде өндіріс пен ұйымдастыру жұмыстарының жоғары деңгейде жолға қойылғанын көрдік. Сонымен қатар біздің өңірдің де бұл салада айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізгеніне көз жеткіздік. Облыс әкімінің гүл шаруашылығын дамытуға бағытталған орталық хаб құру жөніндегі бастамасын толық қолдаймыз. Шаруалар өндіріс пен өсіру жұмыстарына назар аударуы тиіс. Ал өнімді өткізу, логистика және экспорт мәселелерін бір орталықтан үйлестіретін хабтың құрылуы кәсіпкерлер үшін үлкен қолдау болады, – деді ол.

Сапар барысында Түркістан облысының делегациясы атынан Сарыағаш ауданында орналасқан «AGRO TUR» шаруа қожалығының басшысымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат гүл өсіру саласындағы тәжірибе алмасуды, жаңа технологияларды енгізуді, өндіріс көлемін ұлғайтуды және экспорттық бағыттарды дамытуға ықпал етуді көздейді.

Мамандардың айтуынша, Түркістан облысында өсірілетін гүлдердің сапасы жоғары бағаланады. Өңірдің қолайлы климаттық жағдайы, жылыжай шаруашылығының дамуы және кәсіпкерлердің тәжірибесі гүл өндірісін тұрақты дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде облыс гүл шаруашылығы бойынша республикадағы ең әлеуетті аймақтардың бірі саналады.

Қытайдың гүл индустриясындағы жетекші ұйымдарымен орнатылған әріптестік өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін жаңа деңгейге көтеруге жол ашады. Әсіресе гүл өндірісі, сақтау, сұрыптау, тасымалдау және өткізу жүйелерін жетілдіруге бағытталған бірлескен жобалардың маңызы зор. Бұл бастамалар өндірістің тиімділігін арттырып қана қоймай, халықаралық нарықтарға шығуға мүмкіндік береді.

Сарапшылардың пікірінше, логистика мен сауданы бір орталықтан үйлестіретін өңірлік хаб құру Түркістанның гүл өндірісі саласындағы мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді. Мұндай жүйе өнімді ішкі және сыртқы нарықтарға жылдам жеткізуге, экспорт көлемін арттыруға және кәсіпкерлердің шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.

Жобаның стратегиялық мақсаты – Түркістанды Орталық Азиядағы ірі гүл саудасы мен экспортының орталығына айналдыру. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға, өңір экономикасының әртараптануына және ауыл шаруашылығы саласының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар халықаралық тәжірибе мен заманауи технологияларды енгізу арқылы өңірдегі гүл шаруашылығы өндірісі жаңа сапалық деңгейге көтеріледі. Нәтижесінде Түркістан облысы Қазақстандағы гүл индустриясының көшбасшысы ретіндегі орнын нығайтып қана қоймай, бүкіл Орталық Азия аумағындағы маңызды өндірістік және экспорттық орталықтардың біріне айналуға мүмкіндік алады.

Ұқсас жаңалықтар

Қазығұрттағы агроинновация: жүгері алқабында су үнемдеу технологиясы жемісін беруде

Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің екінші отырысы өтті

redaktor_rastimes

ТҮРКІСТАН РУХЫН ТІРІЛТКЕН ТАРИХИ КӨРІНІС: «КЕРУЕН САРАЙДА» ТҰМАНДЫ ҒАСЫРДАН ТОМИРИС ОРАЛДЫ

Пікір жазу