RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

САЙРАМДА СУ ҮНЕМДЕУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА

 

Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы саласын тұрақты дамыту және су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Аудан экономикасының негізгі салаларының бірі саналатын ауыл шаруашылығында суармалы жерлердің өнімділігін арттыру үшін ағын суды қажетті көлемде әрі белгіленген мерзімде жеткізу маңызды міндеттердің бірі болып табылады.

Соңғы жылдары климаттың өзгеруі мен табиғи су көздерінің азаюы су ресурстарын басқаруға жаңа талаптар қойып отыр. Әсіресе, ауданның негізгі су көздерінің бірі болып саналатын Ақсу өзеніндегі су көлемінің төмендеуі шаруалар үшін өзекті мәселеге айналған. Мамандардың мәліметінше, соңғы бес жыл ішінде Ақсу өзенінен келетін табиғи су көлемі шамамен 40 пайызға азайған. Бұл жағдай әсіресе жазғы суару маусымында байқалып, егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету жұмыстарын күрделендіруде.

Су көлемінің азаюы ауыл шаруашылығы өндірісіне тікелей әсер етеді. Сондықтан қазіргі таңда суды үнемдеп пайдалану және оның әрбір тамшысын тиімді жұмсау басты міндеттердің біріне айналып отыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысының суармалы жерлерде су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жөніндегі тапсырмасы аясында Сайрам ауданында нақты жұмыстар қолға алынған.

Биыл аудан көлемінде 1107 гектар жерге су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған. Қазіргі уақытта ауылдық округтерден жиналған мәліметтерге сәйкес, 129 агроқұрылым 948,71 гектар алқапта аталған технологияларды енгізуге ниет білдіріп, тиісті жоспарлар әзірленген. Оның ішінде 636 гектар жерге тамшылатып суғару жүйесін, ал 312 гектар алқапқа жаңбырлатып суғару технологиясын орнату көзделіп отыр.

Аталған бағыттағы жұмыстар бүгінде нақты жүзеге асырылуда. Соның бір мысалы ретінде Ақбұлақ ауылдық округіндегі «Ат баптау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін атауға болады. Кәсіпорын 92,5 гектар жерге заманауи тамшылатып суғару жүйесін енгізу үшін «Жәрдем АС» микроқаржы ұйымымен келісімшарт жасап, қажетті құрал-жабдықтарды орнату жұмыстарын бастап кетті. Қазіргі таңда жүйені іске қосуға дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Мамандардың айтуынша, су үнемдеу технологиялары ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді. Тамшылатып және жаңбырлатып суғару жүйелері арқылы су тікелей өсімдік тамырына қажетті мөлшерде жеткізіледі. Нәтижесінде судың ысырап болуы азайып, егістік алқаптарының өнімділігі артады.

Сонымен қатар мұндай технологиялар минералды тыңайтқыштарды тиімді пайдалануға жағдай жасайды. Тыңайтқыштар су арқылы өсімдікке тікелей берілетіндіктен, олардың сіңімділігі жоғарылайды және өнім сапасы жақсарады. Бұдан бөлек, су үнемдеу жүйелері егістік алқаптарынан жылына екі немесе үш рет өнім алуға мүмкіндік беріп, шаруалардың табысын арттыруға ықпал етеді.

Су үнемдеу технологияларының тағы бір маңызды артықшылығы – топырақ құрылымын сақтау. Дәстүрлі суару тәсілдері кезінде орын алатын топырақ эрозиясы мен құнарлылықтың төмендеу қаупі азайып, жердің өнім беру қабілеті ұзақ жылдар бойы сақталады. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақты дамуына негіз қалайды.

Мемлекет тарапынан да су үнемдеу технологияларын енгізетін шаруаларға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Атап айтқанда, қаржы институттары арқылы жеңілдетілген несиелер ұсынылып, қажетті жабдықтарды сатып алуға мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар су үнемдеу жүйелерін орнатуға кеткен шығындардың 80 пайызына дейін мемлекет тарапынан субсидия беріледі. Бұл шаруалардың қаржылық жүктемесін азайтып, жаңа технологияларды кеңінен енгізуге жол ашуда.

Қазіргі таңда аудан көлемінде су үнемдеу технологияларының тиімділігін түсіндіру және оларды енгізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Мамандар шаруалармен кездесіп, жаңа технологиялардың артықшылықтары мен мемлекеттік қолдау тетіктері жөнінде кеңінен ақпарат беруде.

Жалпы, Сайрам ауданында жүзеге асырылып жатқан су үнемдеу жобалары су ресурстарын тиімді пайдалануға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға және шаруалардың табысын көбейтуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып табылады. Сондықтан ауданның барлық агроқұрылымдарын мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдаланып, заманауи технологияларды өндіріске енгізуге және су ресурстарын ұтымды пайдалануға шақырамыз.

Ұқсас жаңалықтар

Көк Байрақ Көкке Көтерілген Күн

redaktor_rastimes

Қарағандыда Стамбулға тікелей рейс ашылады

redaktor_rastimes

«Достық керуені» жобасы Түркістан өңірінде – Сайрам және Төлеби аудандарында жалғасуда

redaktor_rastimes

Пікір жазу