Отандық су шаруашылығы саласы мамандарының алғашқы легі Қытай Халық Республикасына аттанды. Қазақстандық делегация су ресурстарын басқару жүйелерін жоспарлау, іске асыру және су ортасын кешенді сауықтыру технологияларын зерделеуге арналған арнайы семинарға қатысып жатыр.

Шара аясында қос мемлекет арасында «Қазсушар» РМК мен Power China International Group Limited компаниясы арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық меморандумы және ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен ҚХР Су шаруашылығы министрлігі арасында ынтымақтастық меморандумы түзіліп, келісім жасалды.
Қазіргі таңда оқу курстары Чанша қаласында өтіп жатыр. Бағдарламаның ерекшелігі — іссапардың барлық шығындарын Қытай тарапы толықтай өз мойнына алған.
Қазіргі топ құрамында 34 маман бар. 2026 жылдың соңына дейін Қытайда шамамен 200 қазақстандық маман өз білімін жетілдіреді деп жоспарланған. Тәжірибе алмасу тек дәрісханамен шектелмейді. Мамандар Қытайдың су шаруашылығы мен қалалық инфрақұрылымын көзбен көріп, зерттеу үшін Чанша, Шэньчжэнь және Гуанчжоу қалаларына арнайы барады.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов: «Курстардың тақырыптық бағыты Қытайдағы су шаруашылығын жоспарлау мен басқаруды, судың ластануымен күрес жөніндегі ҚХР мемлекеттік саясатын және су ортасын кешенді сауықтыру технологияларын қамтиды» деді.
Бұл — екі ел арасындағы алғашқы жоба емес. Өткен жылы да Power China компаниясының базасында 125 қазақстандық су маманы біліктілік курсынан сәтті өткен болатын. Сол сәтті тәжірибенің нәтижесінде ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Қытай тарапы биыл да бірлескен білім беру бағдарламасын ресми түрде жалғастыру туралы келісімге келді.
