RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Түркістан төрінде – татулықтың жаршысы болған Медиация күні

Көне Түркістан шаһары тағы да игі шараның куәсі болды. Жер жаһанға бейбітшілік пен бірліктің, келісім мен татулықтың туын желбіреткен мекенде 21 қыркүйек – Қазақстан Республикасындағы Медиация күніне орай «Елдесу және татуласу» атты республикалық жоба аясында ерекше мәнге ие ауқымды іс-шара өтті.

Сана мен салмақты сөз салтанат құрған бұл күнде «Достық үйі» мен «Жеңіс» орталық саябағында орналасқан «Ынтымақ үйінің» ашық алаңында азаматтарға медиацияның тәртібі мен тетіктері түсіндіріліп, халықпен бетпе-бет кездесулер ұйымдастырылды. Кәсіби және қоғамдық негізде жұмыс істейтін медиаторлар, салалық мекеме өкілдері, ардагерлер мен этномәдени бірлестіктер мүшелері, қоғамдық ұйым жетекшілері және қарапайым қала тұрғындары – барлығы осы күннің маңызын терең сезініп, тағылымды әңгімелерге құлақ түрді.

Шараны Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ, Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімі және облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесі бірлесіп ұйымдастырды.

Жиында алғашқы болып сөз алған Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы, «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы Бақытжан Бейсембаев барша қатысушыларды, әсіресе ел ішіндегі тыныштық пен татулықты нығайтуға үлес қосып жүрген медиаторларды кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтады. Ол медиацияның ел өміріндегі орны, қоғамдағы қақтығыстар мен дау-дамайларды өркениетті жолмен шешудегі рөліне тоқтала келе, халық пен биліктің арасын жалғаушы алтын көпір екенін атап өтті.

Жиын барысында сөз алған Түркістан облыстық ҚХА жанындағы өзбек этномәдени бірлестігінің Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зуппархан Чалданов, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Кеңес Мәрсәліұлы, сондай-ақ облыстық және қалалық деңгейдегі ақсақалдар кеңесінің мүшелері мен ардагерлер медиацияның қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтау бағытында аса маңызды құрал екенін айта келе, Бақытжан Бейсембаевтың жетекшілігімен жүзеге асып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

Бұл кездесудің тағы бір ерекшелігі – 40-тан астам азамат жеке қабылдауда болып, медиаторларға көкейде жүрген сауалдарын жолдап, нақты бағыт-бағдар алды. Медиаторлар әрбір өтінішке байыппен қарап, заң аясында шешу жолдарын ұсынды. Бұл – халықтың құқықтық сауаттылығын арттырумен қатар, жанжал мен дау-жанжалды бейбіт жолмен шешуге деген сенімінің артқанын білдіреді.

Жиын соңында ел бірлігін, қоғам тұтастығын ту еткен азаматтардың еңбегі ескерусіз қалмады. Облыстық қоғамдық даму басқармасы мен «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігі атынан бірнеше тұлғаға Алғыс хаттар салтанатты түрде табыс етілді. Бұл құрметке ие болғандар қатарында:

  • Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің Түркістан қалалық филиалы төрағасының орынбасары Әбжаппар Садвахасов,

  • Өзбек этномәдени орталығының Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зуппархан Чалданов,

  • Сауран ауданының қоғамдық медиаторлары Гүлнара Ибадуллаева мен Батырхан Сансызбаев,

  • Түлкібас ауданының кәсіби медиаторы Мейірбек Өмірқұлова,

  • Ордабасы ауданынан келген қоғамдық медиатор Құрал Өтегенов,

  • «Сауран» газетінің редакторы Ләззат Сарыбаева,

  • Түркістан облыстық Қоғамдық кеңестің жауапты хатшысы Ұлданаш Азимова,

  • Түркістан қалалық орталық кітапхананың меңгерушісі Марияш Мамирова,

  • «Сауран» тұрғын алқабының басшысы Нұрболат Нұрышов,

  • Жеке кәсіпкер, кәсіби медиатор Бауыржан Исаев сынды азаматтар болды.

Медиация күні – бұл тек кәсіби мереке ғана емес, бұл – бірлікке, парасатқа, сабыр мен салмаққа шақыратын, қоғамдағы бейбіт өмірдің қадірін ұғындыратын күн. Түркістан төріндегі бұл тағылымды шара сол мәнді де мағыналы ұстанымның нақты көрінісіндей болды.

Жиын соңында қатысушыларға естелік сыйлықтар – арнайы блокноттар мен қаламсаптар табыс етіліп, шара өз мәресіне жетті. Алайда, ол жүректерде – татулық пен түсіністіктің жарқын естелігі болып мәңгі сақталары сөзсіз.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АӘК АЛУШЫЛАР САНЫ 2 ЕСЕ АЗАЙДЫ

Алматы облысы Гиннес рекордын жаңартпақ

redaktor_rastimes

Жетісай Жерінен Жарқыраған Жас Жұлдыз

redaktor_rastimes

Пікір жазу