RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
ЖаңалықтаринвестицияСаясатЭкономикаӘлем

Қазақстан мен Сербия ынтымақтастықты нығайту жайын талқылады

Алматыда қазақстандық-сербтік Үкіметаралық комиссиясының (ҮАК) IV отырысы өтіп, онда Сербияға қазақстандық жоғары сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайту туралы ұсыныс айтылды. ҮАК тең төрағалары вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Үкімет төрағасының орынбасары, Ішкі істер министрі Ивица Дачич.

Өз сөзінде Серік Жұманғарин екі ел арасындағы ынтымақтастықтың ең перспективалық бағыты сауда мен көлік, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, туризм, ғылым, биотехнология, білім мен мәдениет екенін атап өтті.

Аграрлық сауданың өсуі екі елдің әлеуетін айғақтайды: 2025 жылғы бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің тауар айналымы 1,5 есеге артып, 4 млн АҚШ долларына жеткен. Қазақстан астық және бұршақ дақылы, өсімдік майы, балық, ет пен сүт өнімі экспортын арттыруға мүдделі.

«Бүгінгі таңда Еуропалық комиссия қазақстандық балық өнімін ЕуроОдақ елдеріне экспорттауға қойылатын талапты келісті. ЕО тізіліміне көксерке жон еті мен балық өнімін жеткізетін 20 қазақстандық кәсіпорын енгізілген. Осы жылғы ақпанда біз Еуропалық Одаққа бал экспорттауға рұқсат алдық. Қазақстандық 4 ірі бал өндіруші компания өз өнімдерін Еуропаға жеткізуге дайын. Бұдан басқа, аквадақылдарды және жылқы еті өнімін ЕО елдері нарығына жеткізу бойынша Еурокомиссиямен жұмыс жүргізілуде», — деді ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы.

Сондай-ақ, қазақстандық тарап мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы өнімін қайта өңдеу саласында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыруды ұсынды. Ынтымақтастықтың перспективалы бір бағыты – ғылыми-зерттеу саласы. Оның ішінде селекция мен тұқым шаруашылығы саласының мамандарын даярлау, Қазақстанның түрлі өңірлерінде дәнді, майлы және көкөніс дақылы тұқымдарына далалық сынақтар жүргізу, бірлескен будан құру, биопестицид өндірісіндегі ынтымақтастық бар.

Отырыс барысында Қазақстан Белградта көпфункционалды қонақ үй кешенін салуға дайын екенін жеткізді (жеке инвестициялар есебінен). Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, жоба туристік инфрақұрылымды дамытуға серпін беріп, екі ел арасындағы іскерлік және мәдени байланыстарды нығайтады.

Сонымен қатар, вице-министр Түркістан қаласындағы Халықаралық туризм және қонақжайлылық университеті мен Белградтағы Сингидунум университеті арасында серіктестік орнатуды ұсынды. Бұл студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлық бағдарламасын дамытуға, туризм саласындағы қазақстандық және сербиялық ғалымдардың бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруға ықпал етпек. Сондай-ақ сербиялық туркомпанияларды 2026 жылғы сәуірде Алматыда өтетін «Туризм және саяхат» атты жыл сайынғы Қазақстандық халықаралық көрмеге қатысуға шақырды.

Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағытын Еуропаға, оның ішінде Сербияға қарай ұзарту перспективасын зерттеуді жалғастыруға уағдаласты. Астана мен Белград арасында биыл тікелей әуе қатынасын ашу жайын талқылады.

Тікелей рейсті SCAT әуе компаниясы жүзеге асырады. Бүгінде екі елдің әуе компаниялары әуе рейсін іске қосудың барлық қажетті рәсімін жүргізуде. Бағыттың тартымдылығын арттыру үшін әуе жолын Белградтан Марокко, Тунис, Барселона мен Ларнакаға дейін ұзарту туралы келісім жасалуда.

Сондай-ақ, осы жылы Сербияға сауда-экономикалық миссия ұйымдастырып, алғашқы қазақстандық-сербтік іскерлік кеңес өткізу туралы шешім қабылдады. Бұл екі елдің іскерлер тобы арасындағы сауда-экономикалық қатынас пен инвестициялық байланысты нығайта түсуге мүмкіндік бермек.

Қатысушылар ҮАК-та көтерілген мәселелердің егжей-тегжейін екіжақты кездесуде тағы талқылады.

Отырыс қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды бекітетін хаттамаға қол қойылды. Үкіметаралық комиссияның келесі отырысын 2026 жылы Сербияда өткізу жоспарланып отыр.

Дереккөз: primeminister.kz

Ұқсас жаңалықтар

«ӘЛЕУМЕТТІК ӘМИЯН» АРҚЫЛЫ ТЕГІН ДӘРІ-ДӘРМЕК БЕРІЛЕДІ

redaktor_rastimes

Орал қаласында су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасуда

redaktor_rastimes

Қазақстан мен Франция One Water Summit аясында Балқаш көлін сақтау бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

redaktor_rastimes

Пікір жазу