RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
ЖаңалықтарМәдениет

Рухы биік Түркістан – ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы

Көнеден жеткен көне мұраларымен мақтанып, тарих қойнауынан сыр шертетін Түркістан бүгінде тек киелі мекен емес, ұлттың рухани тірегіне айналып келеді. Осы киелі өлкенің төрінде ел болашағы саналатын жастардың бойына отансүйгіштік пен ұлттық рухты сіңіру бағытында жүйелі жұмыстар жаңа қарқынмен қолға алына бастады. Бұл – елдің ертеңін кемел ету жолындағы маңызды әрі тағылымды бастамалардың бірі.

Жуырда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өткен алқалы жиын – осы мақсаттағы үлкен бір бетбұрыстың дәлелі болды. Жиынға облыстық қоғамдық даму басқармасы, білім мен мәдениет саласының өкілдері, жастар ресурстық орталығы мен ішкі саясат бөлімінің жауапты мамандары қатысты. Бұл – өскелең ұрпақтың тәрбиесіне жанашырлық танытып, оны бірлесіп жүзеге асыруға ниетті құрылымдардың басын қосқан тағылымды басқосу еді.

Кездесу барысында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Болат Жанәбіл жастарға бағытталған алдағы ауқымды іс-шаралардың мазмұнына тоқталып, елжандылық пен ұлттық рухты қалыптастыруға арналған тың жобалар жайында кең көлемде баяндама жасады. Оның айтуынша, жас ұрпақтың бойында ұлттық сана-сезімді қалыптастыру, тарихи тұлғалардың өнегелі жолын үлгі ету, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауды дәріптеу – бұл бағыттағы жұмыстардың басты арқауы болмақ. Жаңа форматтағы жобалар арқылы жастардың елге деген сүйіспеншілігін арттырып, олардың азаматтық жауапкершілік сезімін тереңдету көзделуде.

Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы: «Бүгінгі жастар – ертеңгі ел иесі. Ел бірлігі мен егемендігін сақтаудың бірден-бір жолы – жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар бере білу. Патриотизм құр ұранмен емес, нақты тәрбиелік жұмыстармен жүзеге асады,» – деп атап өтті. Ол сондай-ақ, ұлттық идеологияны күшейту, тарихи жадымен сабақтасқан ұрпақ тәрбиелеу, мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиетін ұғындыру – мемлекетшілдік сананы қалыптастырудың негізгі жолы екенін баса айтты.

Жиын барысында қатысушылар да жастар тәрбиесінің өзекті мәселелеріне қатысты ойларын ортаға салып, ұлт рухын ұлықтайтын жаңа идеялар ұсынды. Олар ұлттық тәрбие мен рухани мұраны жас буынның жүрегіне жеткізудің маңыздылығын тілге тиек етіп, елжандылық пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру жолында атқарылатын жұмыстардың бағыт-бағдарын нақтылады. Бұл басқосу – жастар тәрбиесінің тек сөз жүзінде емес, нақты іс жүзінде жүргізілуі керек екенін аңғартты.

Кездесу соңында жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеліп, алға қойылған міндеттердің уақытылы әрі сапалы орындалуы қатаң бақылауға алынатыны айтылды. Бұл – ел болашағы үшін жасалып жатқан тың қадамдардың тек формалды емес, мазмұнды әрі нәтижелі болуына бағытталған маңызды шешімдердің бірі.

Түркістан жастары – ұлттық рухты көтеретін алтын арқау. Сол рухты әлсіретпей, керісінше, бекем етіп, келешекке жалғау – әрбір ұстаздың, әрбір басшының, әрбір ел жанашырының қасиетті борышы. Өйткені бүгін берілген тәрбие – ертеңгі Тәуелсіз Қазақстанның мызғымас тұғыры. Елдің ертеңін ойлайтын әр азамат осы аманатқа адалдықпен қараса, рухы биік, жігері қайсар, ұлтына жанашыр жаңа буын тәрбиеленері сөзсіз.

Ұқсас жаңалықтар

Ұрпақ жадындағы ерлік: Түркістанда майдангер Серікбай Абдіқұловқа арналған тағылымды бұрыш ашылды

redaktor_rastimes

Ауыл шаруашылығы саласының өкілдеріне 46 жаңа техника тапсырылды

redaktor_rastimes

Щучинск-Бурабай курорттық аймағы туризмін дамытудың қаулысына қол қойылды

redaktor_rastimes

Пікір жазу