RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Абай рухы – ұрпақ санасында

Қазақ халқының рухани әлеміндегі биік тұлға, ой алыбы, ақындықтың темірқазығы саналатын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған тағылымды шаралар ел жадындағы мәңгілік мұраны жаңғыртып, жас ұрпақтың жүрегіне жарық нұр себуде. Сондай мазмұнды іс-шараның бірі №9 кітапхана филиалы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Түркістан облыстық филиалы қызметкерлерінің бірлесе ұйымдастыруымен өтті. Ұлы данышпанның рухына тағзым ретінде өткізілген бұл танымдық-рухани кеште Абай мұрасы тереңінен талданып, әсіресе ақынның адамзаттық биіктікпен көмкерілген “Қара сөздері” кеңінен сөз болды. Ойшылдық пен философиялық пайымның шынайы үлгісі саналатын Абайдың қара сөздері – ғасырдан-ғасырға ұласар рухани байлығымыздың ең қастерлі бөлшегі. Іс-шара аясында Ұлттық Банктің Түркістан филиалының қызметкері Шертаева Құндызай жиналған қауымға іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларды таныстыра отырып, ұлы ақынның өмір жолы мен шығармашылығы жөнінде қысқаша тарихи-әдеби шолу жасады. Оның сөзі кештің шымылдығын ашып, көпшілікті Абай әлеміне бойлауға бағыттады. Бұл кештің ең ерекше тұсы — абайтану ғылымына елеулі үлес қосып жүрген, Х.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Абиханова Гүлжанаттың мазмұнды да мәнді баяндамасы болды. Ол Абайдың әр қара сөзін тереңнен тартып, ой қазынасына айналдырған талдауларымен бөлісті. Абайдың тек ақын ғана емес, өз дәуірінің және күллі адамзаттың жан дүниесіне үңіле білген көреген ойшыл, ұстаз, моральдық-этикалық философ екендігі жөнінде келелі пікірлер айтылып, қара сөздердің түп мағынасы, халықты ізгілікке, парасатқа, адалдық пен білімге шақыратын құдіреті кеңінен талқыланды. Гүлжанат Абиханова өз баяндамасында Абайдың адам болмысына терең бойлай алғанын, оның даналығының бүгінгі қоғам үшін де маңызын жоймағанын, қайта уақыт өткен сайын биіктей түсетінін дәлелдермен жеткізді. Бұл кеш — тек сөз арқауындағы ой кеші емес, жүрек тербеген рухани сабаққа айналды. Кеш барысында қатысушылар Абайдың қара сөздерінен үзінділер оқып, өлеңдерін көркемсөз шеберлігімен орындады. Әрбір оқылған сөйлем, әрбір айтылған ой – тыңдарманды терең ойға жетелеп, даналықтың, тәрбиенің, руханияттың шынайы мәнін сезіндірді. Абайдың қара сөздері – қазақ қоғамының, жалпы адамзаттың кемелдену жолындағы бағдары, рухани даму жолындағы мәңгілік шамшырағы екені осындай кештерде ерекше айқындала түседі. Кітапхана қабырғасында өткен осы рухани шара, шын мәнінде, жас буынның бойына Абай мұрасын сіңірудің, ұлттық болмысты жаңғыртудың жарқын көрінісі болды. Іс-шара соңында ұйымдастырушылар барша қатысушыларға алғыс білдіріп, осындай тәрбиелік мәні зор кештердің алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді. Абай әлемі – таусылмас қазына, сол мұраны насихаттау – әрбір саналы азаматтың рухани міндеті екені осы кеш барысында тағы бір мәрте айқын көрінді. Кештен алған әсер мен рухани байлық әр қатысушының жүрегіне ізгіліктің, парасаттың дәнін себіп, Абай аманатына деген құрметті күшейте түсті.

Ұқсас жаңалықтар

Мемлекет басшысы Литва Президентіне құттықтау жеделхатын жолдады

redaktor_rastimes

Келес өңірінде тіршілік нәрі – таза ауыз су халыққа үздіксіз жетуде

Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты

admin_rastimes

Пікір жазу