RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

КЕЛЕС ТӨРІНДЕ ЖЕЛБІРЕГЕН КӨК ТУ – ЕГЕМЕН ЕЛДІҢ МӘҢГІЛІК МАҚТАНЫШЫ

Келес ауданындағы Бірлік ауылында маусымның төртінші жұлдызы – ел жүрегін тербейтін Мемлекеттік рәміздер күні ерекше салтанатпен аталып өтті. Бұл күн – әрбір қазақстандықтың жүрегінде елдік пен егемендіктің, рух пен тәуелсіздіктің айшықты белгісіне айналған. Осынау мерейлі дата аясында ауыл төрінде орнатылған еңселі тұғырда Мемлекеттік Туымыз салтанатты жағдайда көк аспанға көтеріліп, жұртшылықтың жүрегіне мақтаныш пен отансүйгіштік сезімін ұялатты.

Аталған шараға аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев арнайы қатысып, жиналған көпшілікті тарихи маңызы зор мерекемен құттықтап, ел тәуелсіздігінің нышандары – Ту, Елтаңба мен Әнұранның ұлт санасындағы орнын тереңінен баяндады. Сөз арасында аудан басшысы елдікке бастайтын бұл рухани рәсімнің ұрпаққа ұлағатты өнеге екенін баса айтып өтті:

— Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміздің таңбасы, халқымыздың тарихи тағдырын, арман-мүддесін бейнелейтін қасиетті белгілер. Ал көк байрағымыз – біздің еркіндігіміздің, бірлігіміздің, жарқын болашағымыздың символы. Бүгін Бірлік ауылында бой көтеріп, көк аспанмен таласқан бұл тұғыр мен онда желбіреген Ту – тек құр сымбатты нысан емес, ол – ұлттық рухтың, ұрпақ алдындағы аманаттың, туған жерге деген шексіз сүйіспеншіліктің белгісі. Осы биік тұғыр сынды еліміздің де мәртебесі асқақтай берсін! Баршаңызды Рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын! – деді Жәнібек Ағыбаев.

Көк аспанмен үндесе көтерілген көк байрақ бір сәтте жұрттың жан дүниесін тербеп, ерекше патриоттық көңіл күй сыйлады. Шара барысында ауыл мектептерінің оқушылары мен белсенді жастары салтанатты түрде сап түзеп, Туға тағзым етіп, жүректерінен шыққан рухты әндерді шырқап, елдікті дәріптейтін өлең жолдарын оқыды.

Ән мен жырдан құралған бұл рухани сәт ауыл тұрғындары үшін нағыз мерекелік әрі тағылымды күнге айналды. Егемен елдің ұрпағы ретіндегі мақтаныш сезімі әр жүректе жаңғырып, Туға деген құрмет айрықша шабытпен өрілді.

Бұл күн – ел болмысының бедерлі белесі іспетті. Көк байрағымыз желбіреген әр сәт – ұлт рухының жаңғырып, болашаққа бет алған асыл армандардың шындыққа айналып келе жатқанының белгісі. Келес төрінде өткен бұл айтулы сәт – елжандылық пен мемлекеттілік сананың тереңдей түсуіне үлкен серпін берері анық.

Ұқсас жаңалықтар

Сұйытылған мұнай газын елден әкетуге тыйым тағы 6 айға созылады

ЖИ бизнеске салық есебін дербес әрі онлайн жүргізуге көмектеседі

redaktor_rastimes

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзі

redaktor_rastimes

Пікір жазу