Тамыры тереңге бойлаған төл мәдениетімізді ұлықтап, ел жүрегі – Астанаға деген риясыз махаббатты паш еткен кеш Келес ауданының Аққорған ауылында салтанатты түрде өтті. Ашық аспан астындағы спорт алаңында ұйымдастырылған “Ел жүрегі – Астана, Ел үні – Домбыра” атты кеш – ұлттың рухани құндылықтары мен заманауи мемлекеттіліктің үндестігін дәріптеген шоқтығы биік шара болды.
Мерекелік кештің шымылдығы халқымыздың жүрегінен орын алған ұлы сазгерлердің төл туындыларымен түрілді. Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйі мен Әбдімомын Желдібаевтің «Ерке сылқымы» көкірекке шабыт, жүрекке мақтаныш ұялатты. Кеш көрерменін домбыраның үнімен қарсы алған бұл кеш – ұлттық рух пен өнердің үйлесімділігінің айғағы іспеттес болды.
Мерекелік концерттің салтанатты ашылуында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев сахна төріне көтеріліп, жиналған көпшілікті елдің ең басты қос мерекесі – Ұлттық Домбыра күні және Елорда күнімен шын жүректен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы елдің егемендігін айшықтайтын басты нышандардың бірі – Астана және ғасырлар қойнауынан жеткен асыл қазына – домбыраның ұлт рухындағы орнына ерекше тоқталды.
— Домбыра – тек аспап емес, ол ұлттың үні, бабалардың аманаты, халықтың жүрегіндегі саз. Ал Астана – тәуелсіз Қазақстанның тынысы, болашақтың бағдары. Осы екі құндылықты қатар дәріптеген бүгінгі кеш – ұрпақ тәрбиесіне, рухани жаңғыруға, ұлттық болмысымызды сақтап, дамытуға арналған үлкен қадам. Еліміздің іргесі берік, бірлігіміз бекем, рухымыз асқақ болсын! – деп атап өтті аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев.
Кеш барысында әуелеген ән, күмбірлеген күй мен отансүйгіштікке толы өнер көріністері жұртшылықты ерекше әсерге бөледі. «Ақ бұлақ», «Шіркін-ай», «Астана», «Мекенім – Қазақстан», «Домбыра», «Қабағыңды түйме», «Телефон» секілді танымал әндер орындалып, көрермендердің жүрегін тербеді. Әндердің мазмұны – халықтың тыныс-тіршілігі, елге, жерге деген перзенттік сүйіспеншілік, ұлттық болмыс пен рухты паш еткен тебіреністі туындылар болды.
Кешке аудан өнерпаздары, мәдениет үйлері мен шығармашылық топтар белсене атсалысып, сахнада өнердің сан қырын паш етті. Домбыраның үніне қосылған жас дарындар мен тәжірибелі өнер шеберлері көрермен ықыласына бөленіп, ел рухын биіктетті.
Шара соңында ұйымдастырушылар алдағы уақытта дәл осындай мазмұнды мерекелік кештерді тұрақты түрде өткізіп отыруды дәстүрге айналдыратынын жеткізді. Бұл – ел мәдениетін ұлықтауға, жас ұрпақтың бойына ұлттық болмысты сіңіруге бағытталған игі бастама екені сөзсіз.
Міне, Келес төрінде өткен бұл рухани кеш ел мен жерге, дәстүр мен болашаққа деген шексіз сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі ретінде көпшіліктің жадында ұзақ сақталары анық.