Маусым айының 13–15 күндері аралығында Ақмола облысы, Щучинск қаласында гір спортынан ересектер арасында өткен Қазақстан Республикасы чемпионаты – күш пен төзімділіктің, шеберлік пен жанқиярлықтың бәсекесі болды. Елдің әр өңірінен келген білекті балуандар бас қосқан бұл тартысты додада жерлестеріміз де аянып қалмай, шеберліктері мен қайсарлықтарын көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғады. Атап айтқанда, серпе көтеру сайысында 78 келі салмақ дәрежесінде Ерасыл Қуаныш қарсыластарын артта қалдырып, күміс жүлдені қанжығасына байлады, ал +95 келі салмақта Тұрғанбай Нұрбатыр мықтылар арасынан суырылып шығып, қола медальға ие болды. Ал жұлқа көтеру бойынша өткен жарыста 95 келіде бақ сынаған Шинтанов Бақдәулет те керемет нәтиже көрсетіп, күміс жүлдені жеңіп алса, ауыр салмақта тағы да Тұрғанбай Нұрбатыр екінші мәрте жүлдегерлер қатарынан көрініп, күміс медаль иеленді. Осылайша, төзімділік пен тиянақтылықты талап ететін бұл спорт түрінде жерлестеріміз үлкен дайындықпен келгендерін дәлелдеп, облысымыздың абыройын асқақтата білді. Ел байрағын желбіретіп, өңір намысын қорғайтын мұндай спортшылар – жас буынға үлгі, халық мақтанышы. Темірді тіліндей меңгерген, білек пен рухтың мықтылығын паш еткен спортшыларымызды және оларды жаттықтырып, үнемі қолдау білдіріп жүрген бапкерлерін шын жүректен құттықтап, алдағы жарыстарда да толағай табыстар тілейміз!