Тарихтың алтын беттеріне 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні ретінде жазылған ұлы күн. 1992 жылдың дәл осы шуақты күнінде Тәуелсіз еліміздің айбынын асқақтатып, рухын көтерген қасиетті нышандар – көк Туымыз, маңдайымыздағы мәртебелі Елтаңбамыз және жүректі тербетіп, жанымызды түлететін Гимніміз ресми түрде бекітілген еді. Содан бері бұл күн – елдік пен еркіндіктің, бірлік пен берекенің, ұлт рухының, мемлекетіміздің өткенін бағалап, болашағына сеніммен қарауға шақыратын жарқын мерекеге айналды. Биыл да осы тағылымды күн Арыс қаласында ерекше рухпен, биік мағыналы мазмұнда аталып өтті. Қаладағы Тәуелсіздік стелласы жанында өткен салтанатты шараға ұлттың ұлы мүддесін көкірегіне ту еткен зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен жастар, қала тұрғындары және қоғам белсенділері жиналды. Ел бірлігінің шынайы көрінісіндей болған жиында Арыс қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Омарұлы жүрекжарды сөз сөйлеп, Мемлекеттік Тудың терең мағынасы мен ел рухын көтерудегі рөлін айрықша атап өтті. Ол рәміздерге деген құрметтің – әрбір азаматтың Отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің көрінісі екенін тебірене жеткізді. Шара шымылдығы қасиетті Әнұранмен ашылып, жиналған қауым көк Туымызға, Елтаңбамызға, Гимнімізге құрметпен тағзым етті. Бұл көрініс – бір халық, бір ел, бір тағдыр идеясымен ұйысқан жұртымыздың жүрек лүпіліндей әсер қалдырды. Рух пен рәміз үндескен бұл мереке, шын мәнінде, елін сүйген әр жүрекке шабыт беріп, ұлт намысын ұлықтауға шақырған тағылымды да текті сәтке айналды.