Түркістан төрінде өткен фотобайқау татулықтың туын биікке көтерді
Түркі халықтарының рухани астанасы атанған Түркістан қаласы тағы бір мазмұны терең, мағынасы айрықша мәдени оқиғаның куәсі болды. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Түркістан – бірліктің бастауы» атты фотобайқау өз мәресіне жетіп, Достық үйінде өткен салтанатты рәсімде қорытындысы жарияланды.
Аталған шығармашылық байқау Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен өткізілді. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған шарада облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы қоғамдық құрылымдар мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, мүшелері, сондай-ақ «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облысындағы өкілдері белсенділік танытты.
Фотобайқаудың басты мақсаты – еліміздегі этносаралық татулық пен қоғамдық келісім, ұлттар арасындағы достық пен өзара құрметті фотообъектив арқылы паш ету еді. Түркістан өңірінің талантты фотографтарымен қатар Алматы қаласынан да жиырмаға жуық кәсіби фотосуретші қатысып, бейбіт өмір мен мәдени әркелкіліктің үндестігін бейнелеген шығармаларын әділқазылар назарына ұсынды. Сонымен бірге, еліміздің әр түкпірінен байқауға онлайн түрде өз туындыларын жолдаған қатысушылар да көп болды.
Фотосуреттерде ел бірлігінің келбеті, мәдениеттер үндестігі, достықтың жылулығы көрініс тапты. Көпэтносты қоғамымыздың үйлесімді тіршілігі мен ортақ болашаққа деген сенімі суреттер арқылы ерекше сезілді. Түсіру сәттеріндегі шынайылық пен ішкі мағына, фотоөнердің тереңдігі әр туындыны рухани шығарма деңгейіне көтерді.
Салтанатты жиында құттықтау сөз сөйлеген облыстық Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов пен «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева фотобайқаудың маңызын айрықша атап өтіп, жүлделі орын иегерлерін жария етті. Қазылар алқасының шешімімен бірінші орын Самат Мырзалиевке бұйырса, екінші орынды Мақсат Шағырбай, ал үшінші орынды Нуриддин Искаков иеленді. Жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар, байқауға белсене қатысып, ерекше фотошығармаларымен көрермен көзайымына айналған фотографтарға Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар берілді. Бұл – олардың шығармашылығына көрсетілген зор құрмет пен қолдаудың белгісі.
Елдегі ынтымақ пен татулықты өнер тілімен өрнектеген бұл байқау – Қазақстан халқы Ассамблеясы ұстанған рухани тұтастық идеологиясының нақты көрінісі. Түркістан төріндегі бұл көркем оқиға – еліміздегі этносаралық үйлесім мен мәдениетаралық үндестіктің мән-маңызын жаңғыртты.
Салтанатты рәсім Түркістан қалалық Мәдениет үйі өнерпаздарының қатысуымен өткен көркем концертпен қорытындыланып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй мен рухани серпіліс сыйлады. Осындай тағылымды шаралар арқылы Түркістан татулықтың туын желбіретіп, бірліктің бастауына айналып келеді.