RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Түркістан төрінде өткен рух пен рәмізге тағзым – Патриоттар форумы

Түркістан қаласының жүрегінде орналасқан Оқушылар сарайында ел рухын көтеріп, ұлттың болмысын айшықтайтын тағылымды әрі тағдырлы күн – 4 маусым, Мемлекеттік рәміздер күніне орай облыстық деңгейде үлкен мазмұнға ие Патриоттар форумы өтті. Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасының бастамасымен ұйымдастырылған бұл шара елдік мұратты биікке көтеріп, Отанға адал ұрпақты тәрбиелеуге бағытталған маңыздылығы зор рухани жиынға айналды.

Форум жұмысына арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жиналған жұртшылықты шын жүректен атаулы мерекемен құттықтай отырып, Мемлекеттік рәміздердің ел тәуелсіздігін айқындайтын басты құндылық екенін ерекше атап өтті. Ол өз сөзінде ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың: «Елтаңба, Ту, Әнұран – Тәуелсіздігіміздің басты нышандары ғана емес, бейбітшілік пен татулықтың, ұлт бірлігі мен кемел болашаққа деген сенімнің символы» деген ұлағатты сөзін келтіре отырып, бұл рәміздерге деген құрмет әрбір азаматтың санасына терең сіңіп, жүрегіне орнығуы керектігін айтты.

Ертай Алтаев өз сөзінде еліміздің болашағы саналатын жас ұрпақтың бойына патриоттық рух пен елге деген сүйіспеншілікті сіңіру – баршамыздың ортақ азаматтық борышымыз екенін ескере отырып, мемлекет мүддесі үшін қызмет етіп жүрген тұлғаларды ерекше құрметпен атап өтті. Форум аясында ғылым мен білім, медицина мен мәдениет, спорт пен өнер, волонтерлік, ауыл шаруашылығы мен технология, бизнес салаларында озық үлгі көрсетіп, ел мерейін асқақтатып жүрген жастар мен азаматтар арнайы марапаттарға ие болды. Олар – Тәуелсіз Қазақстанның көк байрағын халықаралық ареналарда желбіретіп жүрген нағыз патриоттардың жарқын үлгісі.

Форум барысында қатысушылар елдік мұрат жайлы ой бөлісіп, Тәуелсіздік пен рәміздерге деген құрметтің бүгінгі қоғамдағы маңызы жөнінде тағылымды пікірлер тыңдады. Әрбір баяндаманың өзегінде – бірлік пен елдік сана, ұлттық рух пен жасампаз ұрпақ тәрбиесі жатқанын аңғаруға болды.

Жиын соңында Түркістан қалалық мәдениет үйінің талантты өнерпаздары мен жас буын орындаушыларынан құралған шығармашылық топ көрермен назарына рухты серпілтетін, елдікті дәріптейтін концерттік бағдарлама ұсынды. Сахна төрінде шырқалған патриоттық әндер мен мың бұралған би, жүректі тербеген көркемсөз оқылымдары – мерекелік кештің шоқтығын биіктетіп, жиналған жұрттың рухын бір серпілтіп өтті.

Осылайша, Түркістан төрінде өткен Патриоттар форумы елдік мұратты жаңғыртып, жас ұрпақтың бойына мемлекетшіл рух пен ұлттық бірегейлік дәнін себетін тағылымды тағзым алаңына айналды. Тәуелсіз елдің жарқын болашағы – осындай шаралардың салмағында екені анық.

Ұқсас жаңалықтар

Таулы өңірде тігін фабрикасы мен жаңа өндіріс ошақтары ашылады

redaktor_rastimes

ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ТҮРІКМЕНСТАН ХАЛК МАСЛАХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ ГУРБАНГУЛЫ БЕРДІМҰХАМЕДОВПЕН БЕЙРЕСМИ КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

redaktor_rastimes

Қазақстан мен Франция One Water Summit аясында Балқаш көлін сақтау бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды

redaktor_rastimes

Пікір жазу