Түркістан облысының ең шалғайдағы, бірақ әлеуеті жоғары өңірлерінің бірі – Созақта халық игілігіне бағытталған игі істер жалғасын табуда. Жақында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Әли Бектаев, Мұрат Қадырбек және Алишер Сатвалдиев арнайы жұмыс сапарымен осы өңірге келіп, маңызды нысандардың құрылысымен танысты.
Сапар аясында халық қалаулылары аудан орталығы – Шолаққорған ауылында салынып жатқан 200 орындық заманауи спорттық-сауықтыру кешенінің құрылыс алаңына барып, жұмыс барысын көзбен көріп, тиісті сала мамандары және мердігер ұйым өкілдерімен пікір алмасты. Нысанның құрылыс сапасы, мерзімі, және инженерлік шешімдері назарға алынып, депутаттар тарапынан нақты ұсыныстар мен қолдау көрсетілді.
Бұл кешен – тек дене шынықтыру нысаны емес, жастардың жан-жақты дамуына жол ашатын, салауатты өмір салтын қалыптастыратын маңызды орталық. Спорт залдары, жаттығу бөлмелері, санитарлық-гигиеналық аймақтар заман талабына сай салынып жатыр. Ауыл жастары мен балғын бүлдіршіндерге арналған бұл спорттық кешен – ауылдағы өмір сапасын арттырудың нақты көрінісі.
Сапар соңында сенаторлар аудандық мәслихат депутаттарымен кездесу өткізіп, Сенат қабырғасында қабылданып жатқан заңдар, ел көлеміндегі реформалардың мақсат-міндеттері мен әлеуметтік-экономикалық өзгерістер туралы кеңінен түсіндірді. Ашық форматта өткен кездесуде жергілікті мәселелер де назардан тыс қалмай, ұсыныстар мен тілектер тыңдалды.
Иә, бүгінгі Созақ – тек қазба байлығымен емес, білім, мәдениет және спорт саласында қолға алынып жатқан ауқымды жобаларымен де ерекшеленіп келеді. Жаңадан бой көтеріп жатқан спорт кешені – соның бір жарқын дәлелі. Бұл бастама – ауыл спортының ғана емес, ауыл болашағының берік негізін қалауға бағытталған іргелі қадам.