RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

«Созақтан Түркістанға» – ұлттық бірлік пен руханиятты тоғыстырған экспедиция

Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған «Елтану» мәдени-ағарту жобасы аясында тарихи мәні зор «Созақтан Түркістанға» атты этножастар экспедициясы өз сапарын бастады. Бұл бастама – ел тарихын терең тануға, ұлттар мен ұлыстар арасындағы татулықты дәріптеуге, сондай-ақ киелі мекендердің мәдени мұрасын насихаттауға бағытталған маңызды рухани шара. Бүгінгі күні Түркістан қаласындағы «Достық үйінен» салтанатты түрде жолға шыққан делегация құрамында Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесінің өкілдері, «Ассамблея жастары» қозғалысының белсенділері мен бұқаралық ақпарат құралдарының тілшілері бар. Экспедиция аясында жастар қасиетті Созақ өңіріндегі тарихи-мәдени нысандармен танысып, халқымыздың бай мұрасын көзбен көріп, рухани сабақ алмақ. Бұл сапардың мақсаты – ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, этнос өкілдері арасында достықты нығайту, өңірдің туристік бағыттарын зерттеп, болашақ туристік маршрутты нақтылау, сонымен қатар осы бағытта бейнероликтер мен деректі фильм түсіру арқылы көпшілікке кеңінен насихаттау. Экспедиция қатысушылары табиғатты аялауға үндеу тастап, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына да өз үлестерін қоспақ. Танымдық әрі тағылымдық сапардың жастарға берері мол: бұл – елге, жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, бірлік пен патриотизмнің шынайы үлгісін көрсететін мазмұнды жол. Ұлттық рух пен ортақ мұрат тоғысқан бұл ерекше сапар 9 шілде күні Түркістан қаласында қорытындыланып, өзінің тарихи мәні мен қоғамдық маңызын тағы бір мәрте айшықтамақ.

Ұқсас жаңалықтар

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ПЕН ГУРБАНГУЛЫ БЕРДІМҰХАМЕДОВ ӨНЕРКӘСІП КӨРМЕСІН АРАЛАП КӨРДІ

redaktor_rastimes

Аршалыда ұзындығы 6 шақырымды құрайтын бөгет салынып жатыр

redaktor_rastimes

Түркістанның тазалығы – тұтас елдің мәдениеті: жағажайлар мен демалыс аумақтарында тәртіп күшейеді

redaktor_rastimes

Пікір жазу