Қазақтың қоңыр үніне айналған, сан ғасырлық тарихтың жадын шерткен киелі аспап – домбыра халқымыздың мәңгілік рухани серігі. Бұл қасиетті мұраны дәріптеу мақсатында жыл сайын шілденің бірінші жексенбісінде кең көлемде аталып өтетін Ұлттық домбыра күніне орай бүгін Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасында ұлттық өнерді ұлықтаған салтанатты кеш өтті. «Домбыра – рухтың үні» атты бұл мерекелік іс-шара күй мен жырдың, дәстүр мен рухтың үндестігін әспеттеген ерекше рухани басқосу болды.
Мерекелік кештің негізгі мақсаты – атадан балаға жалғасқан күй өнерін жас ұрпақтың бойына сіңіріп, төл өнеріміздің тінін үзбей, тамырына нәр беру. Сол арқылы жас буынның бойына ұлттық рухты, төл мәдениетке деген сүйіспеншілікті ояту болатын. Бұл орайда ұйымдастырушылар кеш бағдарламасын мазмұнды әрі әсерлі етіп құра білген.
Кеш шымылдығын түрген – «Ақжайық» музыка мектебінің дарынды оқушылары болды. Жас өнерпаздар ұлттық нақыштағы бірнеше күрделі күйлерді нақышына келтіре орындап, залда жиналған жұртты күйдің қуатына бөлеп, тебірентті. Домбыраның әр пернесінен тамған үн көрермен жүрегіне жетіп, қазақ даласының кең тынысын еске салды.
Кеш аясында күй ғана емес, сөз өнері де биік орын алды. Айтыскер ақындар мен руханият саласының өкілдері сахна төріне шығып, арнау жырларын оқыды. Олар домбыраны қазақтың жүрек лүпіліне, тағдырына, ертеңіне теңеп, әр буында ұлттың үні жаңғырып тұруы қажет екенін жырға қосты. Жырдан шашу шашқан ақындар әр шумағында ұлттық мұраның мән-маңызын көркем сөзбен кестелеп, көрермен көңілінен орын тапты.
Салтанатты кештің құрметті мейманы, Түркістан қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев, жиылған қауымды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтап, өз сөзінде былай деді:
– Домбыра – халқымыздың рухани темірқазығы. Оның әр үні – бір тарих, әр шегі – шежіре. Біз бүгін тек күй тыңдап қана қоймай, ұлттың рухын, баба аманатын сезініп тұрмыз. Өнер – ұлтты ұлықтайтын алтын арқау. Осы жолда еңбек етіп жүрген барлық өнер иелеріне, ұстаздарға, жастарға алғысымды білдіремін. Бұл – дәстүр жалғасатын, рух тірілетін күн! – деді ол тебірене.
Кеш соңында ұлттық өнердің дамуына өзіндік үлес қосып жүрген дарынды орындаушылар мен белсенді қатысушылар арнайы алғыс хаттармен және марапаттармен марапатталып, көпшілік алдында құрметке ие болды.