Түркістан облысы индустриялық-инновациялық даму бағытындағы тағы бір ірі қадам жасады. Созақ ауданында орналасқан «КАТКО» қазақстан-француз бірлескен кәсіпорны» ЖШС-нің ауқымды жобасы – «Оңтүстік Төртқұдық» уран өңдеу зауыты салтанатты түрде іске қосылды. Бұл – тек өңір үшін емес, тұтас еліміздің атом өнеркәсібі үшін тарихи әрі стратегиялық маңызды оқиға.
Ашылу рәсіміне еліміздің және Францияның бірқатар жоғары лауазымды тұлғалары қатысты. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гиоге, «КАТКО» компаниясының бас директоры Паскаль Бастьен, «Қазатомпром» Ұлттық атом компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов, сондай-ақ Атом энергетикасы жөніндегі мемлекеттік агенттік пен француздық «Orano Mining BU» компаниясының өкілдері өндіріс ошағының жұмысымен танысып, лентасын қиды.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Нұралхан Көшеров бұл жобаның ел экономикасына қосар үлесі мен әлеуметтік-экономикалық тиімділігіне тоқталып өтті:
«Бүгін біз өңірлік даму мен халықаралық әріптестіктің нақты жемісін көріп отырмыз. Бұл зауыт – табиғи уранды өңдеудің заманауи технологияларын енгізіп қана қоймай, ішкі және сыртқы нарықты жоғары сапалы өніммен қамтамасыз ететін бірегей өндіріс орны. 74,7 млрд теңге көлемінде инвестиция құйылған бұл жобаның жылдық қуаттылығы – 2000 тонна уран. Жаңа жұмыс орындары ашылып, 6 мың гектардан астам жер телімі бөлінді. Мемлекет тарапынан барлық қажетті инфрақұрылымдар жеткізілді», – деді өңір басшысы.
Ал «Қазатомпром» ҰАК» АҚ Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов бұл жобаның Қазақстанның бүкіл атом өнеркәсібі үшін стратегиялық маңызға ие екенін айта келе:
«Бұл – кәсіби командалардың қажырлы еңбегінің, «Қазатомөнеркәсіп» пен «Orano» арасындағы серіктестіктің нақты жемісі. Құрылысқа қатысқан отандық мамандардың біліктілігі жоғары деңгейде екенін ерекше мақтанышпен атап өткім келеді», – деді.
Компания басшысы Паскаль Бастьен де өз сөзінде өндірістік қауіпсіздік пен экологиялық стандарттарға баса назар аударылғанын атап өтіп:
«Оңтүстік Төртқұдық» зауыты – біздің технологиялық жауапкершілігіміз бен серіктестікке деген сеніміміздің нәтижесі. Бұл жобаның сәтті іске асуы – барлық қатысушылардың кәсібилігі мен өз ісіне адалдығының белгісі», – деді.
Зауыт жылына 2000 тонна уранды өңдеуге қауқарлы. Мұнда «Оңтүстік Төртқұдық» кен орнының оңтүстік бөлігінен өндірілген құрамында уран бар ерітінділер өңделетін болады. Ал учаскенің толық интеграциясы жүзеге асқан жағдайда, КАТКО кәсіпорны жылдық көрсеткішін 4000 тонна уран өндіруге дейін жеткізуді көздеп отыр.
2021 жылы техникалық-экономикалық негіздемесі бекітіліп, 2023 жылы құрылысы басталған зауыт бар-жоғы үш жыл ішінде толығымен аяқталып, іске қосылды. Жоба аясында гидротехникалық желілер, заманауи жолдар, электр инфрақұрылымдары, трансформаторлық қосалқы станция сияқты маңызды нысандар да тұрғызылды. Бұл – өндіріс орнының үздіксіз әрі қауіпсіз жұмыс істеуіне берік негіз қалаған инфрақұрылым.
Кәсіпорын өңірлік экономиканың өсуіне де тікелей әсер етіп отыр. Құрылыс кезеңінде орта есеппен 600-ге жуық адам жұмыспен қамтылып, жергілікті мердігерлерге үлкен қолдау көрсетілді. Қазіргі таңда KATKO – Түркістан облысындағы ең ірі жұмыс берушілердің бірі. Компания 1300-ден астам қызметкерге тұрақты жұмыс беріп отыр, олардың 70%-ы – оңтүстік өңір тұрғындары болса, 52%-ы тікелей Созақ ауданының азаматтары. Бұл көрсеткіш – жергілікті кадр әлеуетін пайдалану мен дамытудағы сәтті саясаттың айғағы.
Компания қызметкерлерінің 99%-ы – Қазақстан азаматтары. Бұл өз кезегінде шетелдік инвесторлармен тығыз әріптестік орната отырып, отандық мамандардың тәжірибесін шыңдауға, біліктілігін арттыруға жол ашып отыр. Француздық «Orano» концернімен бірге жүзеге асқан бұл жоба – Қазақстан мен Франция арасындағы экономикалық және технологиялық ынтымақтастықтың үлгілі көрінісі.
Зауыттың ашылуы кезінде сала ардагерлері мен озат мамандар марапатталып, жаңа өндіріс алаңы таныстырылды. Қонақтар зауыт ішін аралап, қолданылып жатқан инновациялық технологиялармен жақынырақ танысты.
«Оңтүстік Төртқұдық» уран өңдеу зауыты – бұл тек табиғи ресурс игерудің ғана емес, халықаралық инвестиция мен технология, экологиялық жауапкершілік пен адами капиталды дамыту жолындағы нақты қадам. Осылайша, Созақ төрінде бой көтерген бұл кәсіпорын еліміздің атом өнеркәсібінде жаңа белесті бағындырмақ.



