RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Домбырамен басталған өмір: Түркістанда жаңа туған сәбилерге ұлттық мұра тарту етілді

Тарих пен тағылым тоғысқан Түркістанда Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Ұлттық домбыра күніне орай ерекше рухани мәні бар, тәрбиелік маңызы терең игі шара өтті. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің бастамасымен дүниеге жаңа келген сәбилерге қасиетті қазақ домбырасы сыйға тартылды. Бұл жүрекке жылу, ұлтқа үміт сыйлайтын тағылымды бастамаға облыстық қоғамдық даму басқармасы, «Қоғамдық келісім» КММ және этномәдени бірлестік өкілдері де белсенді атсалысты.

Түркістан қаласындағы №3 облыстық перинаталды орталықта өткен бұл тағылымы терең шарада дүниеге келген нәрестелерге ҚХА логотипі бейнеленген шағын домбыралар мен құттықтау хаттар табысталды. Қазақтың қоңыр үнімен сыр шертетін, сан ғасырлық шежіремізді жеткізген ұлттық аспап сәбилердің дүниеге алғаш қадам басқан сәтінен-ақ олардың рухани серігі болсын деген ниетпен тарту етілді.

Ана мен сәби — өмірдің шуағы. Сол шуақты сәттің куәсі болған бұл шарада «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева жас аналар мен медицина қызметкерлерін айтулы қос мерекемен құттықтап, Қазақстан халқы Ассамблеясының сәбилерге арнаған жүрекжарды хатын табыстады.

Бұл хат — тек құттықтау ғана емес, елдің ертеңіне жолдаған аманат сынды. Онда:
«Айналайын! Сен туған еліңнің ғажап дәуірінде дүниеге келдің. Сенің Отаның – Қазақстан. Ұлы дала төсінде орналасқан бұл бейбіт елдің әр тасы, әр ағашы, әр үні саған қымбат болмақ. Абайдай абыз, Әлиядай батыр, Міржақыптай ұлт жанашыры болған тұлғалар дүниеге келген, өнеге қалдырған бұл елде сен де солардың жолын жалғар ұрпақ боларыңа сенеміз. Сен ерекше күн – Ұлттық домбыра күні дүниеге келдің. Домбыраның үні – сенің жүрегіңнің лүпілімен үндесіп, өміріңе шабыт берсін. Ертеңгі ел тұтқасын ұстар азамат бол! Домбыра сенің жан серігің болсын, айналайын!» – деген ізгі тілек жазылған.

Шара барысында облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Гүлсара Тоққұлова бастаған абзал аналар мен этномәдени бірлестік өкілдері де сөз алып, дүниеге келген нәрестелерге ақ батасын беріп, аналарға қуаныш пен үмітке толы сәттер тіледі. Өзбек этномәдени бірлестігінің Аналар кеңесінің төрайымы, ардақты ана Мухаббат Ибрагимова, Аналар кеңесінің белсенді мүшесі Алмаш Сұлтанбековна, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің төраға орынбасары Хасан Мохаммад және басқа да зиялы қауым өкілдері бұл бастаманың терең тәрбиелік мәніне тоқталып, еліміздің болашағы — балалардың амандығы мен жарқын болашағына шынайы ниет білдірді.

«Сәбилеріміздің жолы ашық, маңдайы жарық, еліне елеулі, халқына қалаулы азамат болсын!» деген ақ тілектер ақ батамен сабақтасып, ата дәстүріміздің, елдігіміздің, ұлттық болмысымыздың жарқын көрінісіне айналды.

Жаңа өмірге келген перзентін құшағына алған аналар да бұл ерекше сыйлыққа алғыстарын жаудырып, осындай игі шараны ұйымдастырған азаматтарға жүрекжарды ризашылықтарын білдірді. Домбыра сыйлау — жай ғана дәстүрді жаңғырту емес, бұл — ұрпаққа рухани тамыр сыйлау, сәби жүрегіне ұлттық болмыстың дәнін себу.

Бұл бастама тек Түркістанмен шектелмей, тұтас елге үлгі боларлық ізгі үрдіс екені анық. Себебі, халқымызда «Ұлттық аспаптың үнін естіген бала — ұлт рухымен тәрбиеленеді» деген терең түсінік бар. Жаңа туған сәбилердің бесігіне домбыра ілу — бірлік пен бейбітшілікті ту еткен елдің кемел келешекке жолдаған үндеуі десек артық айтпас едік.

Домбырамен басталған алғашқы күн – сол сәбилердің өмірлік жолына бағыт берген, ұлттық санаға бастар жарық сәуле болғай. Ұлы Даланың перзенттері осындай ұлттық құндылықтарды бойларына сіңіріп, елдің ертеңін жарқырата түсетініне сенім мол.

Ұқсас жаңалықтар

ТҮРКІСТАНДА ЭТНОМЕДИАЦИЯНЫ ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР БАСТАЛДЫ

redaktor_rastimes

Су тасқынына дайындық аясында 239 шақырым өзен арнасы тазартылды

redaktor_rastimes

Қазығұрттағы өндіріс өрісі: Түркістанда индустрия жаңа белеске көтерілуде

redaktor_rastimes

Пікір жазу