RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Домбыра – ұлт рухы: Түркістанда ұлттық өнер мен татулықты ұлықтаған байқау өтуде

Киелі Түркістан төрінде, халқымыздың қасиетті аспабы – домбыраны ардақтап, ұлттың рухани байлығын дәріптеуге арналған ерекше өнер додасы өтіп жатыр. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Ұлттық домбыра күніне орай ұйымдастырылған «Үкілі домбыра» байқауы ұлт пен ұлысты біріктіретін өнер мерекесіне айналды. Бұл айтулы шара облыстық қоғамдық даму басқармасы мен «Қоғамдық келісім» КММ-нің бастамасымен Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» өткізілуде.

Домбыра – қазақтың жан серігі, ұлттың үні. Ал оны қолына алған әрбір өнерпаз – тарих пен тағылымның жаршысы. Осы байқаудың негізгі мақсаты – еліміздегі этностардың арасындағы мәдени байланысты арттыра отырып, қазақтың дәстүрлі өнерін ұлықтау, Ассамблеяның «Елтану» жобасын жүзеге асыру арқылы өңірдің мәдени әлеуетін көтеруге үлес қосу, сондай-ақ шын талантты домбырашыларды анықтап, оларға құрмет көрсету.

Өнер додасы үш бағыт бойынша өтуде: «Дәстүрлі ән орындау», «Күй орындау», «Терме орындау». Бұл үш аталым – қазақ халқының бай музыкалық мұрасын, сөз өнері мен саз өнерін ұштастырған ерекше бағыттар. Байқауға облыстың қала және аудан-аймақтарынан келген түрлі этнос өкілдері қатысып, ұлттық өнерге деген сүйіспеншіліктерін домбыраның қоңыр үні арқылы паш етуде. Әрбір қатысушының бойынан өнерге деген ықылас пен рухани байланыс анық сезіліп, байқау сахнасы шынайы шабыт пен шеберліктің алаңына айналды.

Байқаудың салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов сөз алып, барша қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, мұндай рухани бастамалардың ел бірлігін нығайтудағы маңызын ерекше атап өтті. Оның сөзінде: «Домбыра – бір ғана ұлттың емес, бүгінде барша қазақстандықтың ортақ рухани байлығы. Ұлттық өнер арқылы бірлік пен татулықты насихаттау – Ассамблея жұмысының маңызды бағыттарының бірі», – деген жүрекжарды лебізі айтылды.

«Үкілі домбыра» байқауы – тек өнер көрсететін алаң ғана емес, бұл — ұлттар арасындағы достықтың жібін бекемдейтін, ұлттық өнердің шексіз құдіретін паш ететін, әрбір өнерпаздың жүрегіндегі сағынышты, мақтанышты, рухты бір арнаға тоғыстыратын тағылымды шара. Байқау барысында қатысушылар дәстүрлі әннің әуезімен, күмбірлеген күймен, терменің тағылымымен тыңдаушыларды тербеп, рухани ләззат сыйлады.

Шара соңында байқау жеңімпаздары мен белсене қатысқан өнерпаздар арнайы Алғыс хаттармен, естелік сыйлықтармен марапатталып, олардың жетекшілері де құрметке ие болмақ. Бұл марапат — шынайы еңбектің, ұлттық мұраға деген құрметтің лайықты бағасы.

Түркістан төрінде төрге озған бұл рухани кеш – домбыраның үнімен үндескен бірлік пен достықтың, өнер мен мәдениеттің жарқын көрінісіне айналды. Қазақтың қара домбырасы осындай байқаулар арқылы тек өз ұлтының емес, барша қазақстандықтың рухани серігіне, мәдени сабақтастығының алтын арқауына айналып келеді.

Домбыраның күмбірі есті елітсе, бірлік пен татулықтың үні жүректі тербейді. Осы қос құндылықты тоғыстырған «Үкілі домбыра» байқауы – өткен мен бүгіннің арасында алтын көпір орнатып, болашаққа жол сілтейтін маңызды мәдени оқиға ретінде ел жадында қалары анық.

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан төріндегі тындырымды тірлік: Қала жолдары жаңғырып, көшелер келбеттеніп келеді

redaktor_rastimes

«Балалы болу қорқынышын» анықтау үшін сауалнама жүргізіледі

Фристайл-акробатикадан Қазақстан құрамасы IX қысқы Азия ойындарында ІІ орын алды

redaktor_rastimes

Пікір жазу