Түркістан облысында жас ұрпақтың бойына ұлттық рух пен салт-дәстүрге деген сүйіспеншілікті сіңіру мақсатында тың бастамалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – Бәйдібек ауданында өткен облыстық «Ауыл Live» жастар сайысы. Бұл шара Бәйдібек аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйытқы болуымен ұйымдастырылып, облыс жастарының басын қосқан шынайы ұлттық рух алаңына айналды.
Ұлттық құндылық – ұлттың жаны
Сайыстың басты мақсаты – жастар арасында халқымыздың бай мәдени мұрасын, ұлттық ойындар мен қолөнер дәстүрлерін насихаттау. Қазақтың атадан балаға мұра болып қалған дәстүрлері, ауыл тіршілігіне тән қарапайым да мағыналы құндылықтар заманауи форматта қайта жаңғырып, жастардың санасына сіңірілді. Сонымен бірге, бұл жоба ауыл өмірінің шынайы көріністерін заманауи көзқараспен ұштастырып, жас буынға ұлттық тәрбие берудің тиімді жолын көрсетті.
Рухты рәсім: ашылу сәті де ерекше өтті
Салтанатты ашылу рәсімінде Бәйдібек ауданының әкімі Ерлан Нұрмаханов пен Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің директоры Ернар Бектаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Олар бұл шараның жастар үшін тәрбиелік мәні зор екенін атап өтіп, ұлттық мұраны ұлықтаудағы жастардың белсенділігін жоғары бағалады.
Ұлттық ойындар мен өнер бәйгесі
Сайысқа Түркістан облысының 17 аудан-қаласынан келген жастар қатысып, әр өңірдің намысын қорғады. Шара аясында ұлдар арасында арқан өру, ағаш бұйымдарын жасау, асық ату сияқты сайыстар ұйымдастырылды. Қыздар өзара талқан жасап, таба нан жауып, кесте тігу шеберліктерін көрсетті. Бұл көріністер арқылы қатысушылар ғана емес, көрермендер де ұлттық тұрмыстың терең тәрбиелік маңызын тағы бір мәрте сезінді.
Ақындар айтысы – сайыстың шоқтығы биік сәттерінің бірі болды. Жастардың суырыпсалмалық қабілеті, сөз саптау шеберлігі мен отаншылдық рухы көрініс тапқан бұл өнер додасы көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.
Жеңімпаздар анықталды – ұлттық рух жеңді
Командалық есеп бойынша:
-
1 орын Сарыағаш ауданының жастары үздік танылып, 1 орынды иеленді,
-
2 орын Ордабасы ауданы екінші орынға тұрақтаса,
-
3 орын Созақ ауданы үшінші орынды еншіледі.
Ақындар айтысы бойынша:
-
1 орын – Біржанұлы Исламәлі,
-
2 орын – Маратұлы Аян,
-
3 орын – Бақтияр Айша.
Барлық жеңімпаздарға арнайы марапаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Бұл сыйлықтар – тек құрмет қана емес, ұлттық мұраны ұлықтауға қосқан үлестің лайықты бағасы.
«Ауыл Live» – дәстүр мен замана үндестігі
«Ауыл Live» жобасы – тек сайыс қана емес, бұл – ұмыт бола бастаған дәстүрлерді тірілткен, қазақ болмысының тереңдігін жастар санасына сіңірген мәдени платформа. Осындай ауқымды шаралар арқылы жас буын ұлтының өткенін танып, болашағына берік қадам басуға рухани қуат алады.
Бәйдібекте өткен бұл бастама – Түркістан жастарының ұлттық сана мен мәдениетке деген ықыласын көрсеткен тамаша үлгі болды. Ең бастысы – «Ауыл Live» арқылы рух қайта оянды, дәстүр қайта жанданды, ал ұлт болашағы саналатын жастар ұлық мұрамен қайта табысты.