RASTIMES саяси-қоғамдық сайты.
Жаңалықтар

Балаларға арналған мәңгілік маусым: Төлебиде жыл он екі ай жұмыс істейтін сауықтыру лагері ашылды

Балалық шақтың ең жарқын естеліктерінің бірі – жазғы лагерьдегі көңілді сәттер. Енді Түркістан облысының балалары бұл қуанышты тек жаз мезгілімен ғана шектелмей, жыл он екі ай бойы сезіне алады. Президенттің балаларды жан-жақты қолдау және тәрбиелеу жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асқан маңызды бастамалардың бірі – Төлеби ауданында орналасқан «Алатау» оқу-сауықтыру лагерінің ашылуы болды. Бұл – облыс әкімінің тікелей қолдауымен өмірге келген, бұрын әлеуметтік қорғау жүйесіне қараған нысанның білім басқармасына беріліп, қайта жаңғыртылған ірі жобалардың бірі.

Тасарық ауылдық округінде орналасқан бұл лагерь – тек демалыс орны ғана емес, балалардың білім алып, жан-жақты дамуына жол ашатын тәрбиелік әрі танымдық кеңістікке айналды. Бір мезетте 300 балаға қызмет көрсете алатын лагерь жылына 5 мыңға жуық оқушыны қабылдауға қауқарлы. Ғимарат күрделі жөндеуден өтіп, жаңа келбетке енді. Заманауи 270 шаршы метрлік жүзу бассейні салынды. Асхана, акт және спорт залдары, жазғы концерт алаңы мен қажетті техникалық база түгелдей жаңартылып, балалардың барлық жағдайы ескерілді.

Оқу мен демалысты қатар ұштастыратын орталықтың салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, облыстық мәслихат депутаты Ғалымжан Елшібай, Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов, білім саласының ардагері Ардақ Мәдіханқызы және қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы қатысып, тұңғыш демалушыларға сәттілік тіледі.

– Балалардың тынығуы қызықты әрі қауіпсіз өтуі – біздің басты назарымызда. Бұрын бұл нысан әлеуметтік қызмет көрсету орталығы болған. Сауран ауданында жаңа оңалту орталығы іске қосылғаннан кейін бұл ғимаратты білім саласына беріп, толық жаңғыртудан өткіздік. Міне, енді облыстың үздік оқушылары, түрлі сайыстарда топ жарған өнерлі, спортшы балаларымыз жылдың әр мезгілінде осында тынығып, білімдерін толықтыра алады, – деді Бейсенбай Дәулетұлы.

Балалар үшін жасалған бұл қамқорлықтың тағы бір жарқын көрінісі – «Тау барысы» жазғы сауықтыру лагерінің жаңартылып, толық жабдықталған 9 модульді нысанмен толығуы. 180 балаға арналған бұл лагерь де жаз бойы үздіксіз жұмыс істейді. Әр 20 балаға бір жетекшіден бекітіліп, олардың қауіпсіздігі мен күн тәртібі жіті бақыланады. Лагерь бағдарламасына ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, спорттық, экологиялық, туристік, шығармашылық бағыттағы сабақтар мен шеберлік сағаттары енгізілген. Түрлі мәдени-рухани шаралар мен табиғатқа саяхаттар да ұйымдастырылады.

Аймақта балаларға арналған жаңа форматтағы модульді лагерьлердің ашылуы – осы жылдың айрықша жаңалығы. Барлығы 5 мемлекеттік лагерьде 52 модульді корпус бой көтеріп, жазғы сауықтыру орындарындағы бала саны 8 мыңға дейін артты. Бұл – тек сан емес, сапа тұрғысынан да үлкен жетістік. Модульді нысандар қысқа мерзім ішінде тұрғызылып, қазіргі санитарлық және қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келеді. «Балауса», «Балдәурен», «Тау нұры», «Тау барысы» сынды лагерьлерде іске асқан бұл жоба шеңберінде жуырда Бәйдібек ауданындағы «Тау шыңы» лагерінде де жаңа 10 модульді корпус пайдалануға беріліп, үшінші маусым өз жұмысын бастады. Бұл орталық бір ауысымда 200-ден астам баланы қабылдай алады.

Түркістан облысында қолға алынған осындай жүйелі жобалар арқылы балалар тек жазда емес, жылдың әр маусымында табиғат аясында демалып, білім көкжиегін кеңейтіп, достар табуға мүмкіндік алады. Бұл – ел ертеңіне жасалған инвестиция. Себебі бақытты балалық шақ – баянды болашақтың кепілі.

Ұқсас жаңалықтар

Мемлекет басшысы Премьер-министрді қабылдады

redaktor_rastimes

Арыс – жаңғыру жолында: заманауи мектеп, спорт кешені мен тұрғын үйлер ел игілігіне беріледі

redaktor_rastimes

Егістік алқабы 518 мың гектарға ұлғаяды

redaktor_rastimes

Пікір жазу