Мақтаарал ауданында көптен күткен қуанышты сәт орын алып, бес бірдей елді мекенге табиғи газ берілді. Аудан халқы үшін тарихи сәтке айналған бұл оқиға ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жаңа деңгейге көтеріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін әкелмек. Осы игілікті істің басы-қасында аудан әкімі Бақыт Насырханұлы Асанов өзі болып, Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Өнімкер ауылына арнайы барды. Тұрғындармен жүздесіп, қуанышты сәттің куәсі болған әкім бұл жаңалықтың ауыл өміріне берер пайдасын ерекше атап өтті.
Бақыт Асанов өз сөзінде көгілдір отынның ауылға жетуі – елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту жолындағы үлкен әрі нақты қадам екенін жеткізді. Оның айтуынша, бұл тек тұрмысты жеңілдетумен шектелмейді, бұл – әлеуметтік өрлеу мен экономикалық өрістеудің нақты көрінісі. Ел Президентінің халықты сапалы өмірмен қамтамасыз етуге бағытталған саясаты мен тапсырмалары негізінде жүзеге асып жатқан бұл жұмыс – ауыл халқы үшін шынайы қамқорлық пен тұрақты дамудың белгісі. Табиғи газдың берілуі тек техникалық жетістік емес, бұл – елге деген жанашырлықтың, болашаққа деген сенімнің белгісі.
Жиын барысында аудан басшысы осы жобаның жоспардан ерте іске асуына тікелей атсалысқан «QazaqGaz Aimaq» АҚ Түркістан өңірлік филиалының директоры Ақылбек Әбілдиевке алғыс айтты. Ауылдың әр тұрғыны үшін бұл күн ерекше есте қаларлық оқиғаға айналды. Қуаныштан жүздері бал-бұл жанған тұрғындар алаудың тұтанған сәтін үлкен қошеметпен қарсы алды. Ауыл ақсақалдары мен аналар алғыстарын жаудырып, ел болашағы үшін жасалып жатқан осындай игі істерге жүрекжарды ризашылықтарын білдірді.
Газ желісіне қосылған елді мекендер қатарында Ж.Нұрлыбаев ауылдық округіне қарасты Ырысты, Қарақыр және Өнімкер ауылдары, сондай-ақ Жаңажол ауылдық округіндегі Арайлы мен Достық ауылдары бар. Бұл ауылдарда бұрыннан бері күткен көгілдір отынның берілуі – тұрғындар үшін зор жеңілдік әрі үлкен мүмкіндік. От жағудың бейнетінен арылып, газ пешін қолдануға көшу – тек тұрмыс жеңілдігі ғана емес, заманауи өмір салтына қадам басу.
Бұған дейін Мақтаарал ауданындағы 68 елді мекеннің 46-сы ғана газбен қамтылған болатын. Бұл – аудан көлеміндегі жалпы қамтылу көрсеткішінің 67,6 пайызын құраса, енді жаңадан қосылған бес елді мекеннің есебінен бұл көрсеткіш едәуір артты. Ауылдарға газ желісінің тартылуы тек бүгінгі күннің қуанышы емес, бұл – алдағы жылдардағы тұрақты дамудың кепілі.
Айта кетерлігі, 2024 жылы облыстық және республикалық бюджеттерден жалпы 6,3 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлініп, 19 елді мекенде ішкі газ жүйелерінің құрылысы қолға алынған. Бұл нысандардың жалпы құны – 8,2 миллиард теңгені құрап отыр. Құрылыс жұмыстары 2025 жылға өтпелі болғанымен, бүгінде алғашқы нәтижелері көрініс бере бастады. Сонымен қатар, әлі де газдандырылмаған 4 ауылға ішкі газ жүйелерін тарту үшін биыл 891 миллион теңге көлемінде қаражат қаралған.
Осы ауқымды жұмыстардың арқасында бес ауыл бүгін табиғи газ игілігін көріп отыр. Аталған жобалар толық жүзеге асқан жағдайда, 2026 жылға қарай Мақтаарал ауданының барлық елді мекендері – яғни 100 пайыз табиғи газбен қамтылатын болады. Бұл – аудан тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы, тұрғындарға жасалған үлкен қамқорлықтың белгісі және мемлекеттің ауыл халқы үшін жасап отырған нақты әрекетінің айғағы. Ел ертеңін жақсартуға бағытталған мұндай істер жалғасын таба бермек.